Мәжіліс депутаттары Алматыдағы бірнеше оқу орнын аралады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліс депутаттары Алматыдағы бірнеше оқу орнын аралады

02.04.2018

Бүгін Мәжіліс депутаттары Елбасының 5 әлеуметтік бастамасының мән-маңызын түсіндіру үшін Алматыдағы бірнеше оқу орнын аралады. Олар жастардың әлеуметтік жағдайы мен білім сапасын арттыру мәселелерін талқылады.

Қазір елімізде білім аламын деген талапты жасқа барлық жағдай жасалған. Мәселен, Қазақ ұлттық аграрлық университетінде ауыл шаруашылығы ғылымдарын терең игеремін деген студенттер үшін заманауи технологиямен жабдықталған зертханалар жұмыс істейді.  

Ал, ғылым-технологияның дамуына қажетті кадрларды даярлайтын колледждер мен университеттердің жатақхана мәселесі әлі күнге дейін толық шешілмеген. Депутаттар аралаған Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде бүгінде 6500 студент білім алады. 50 жылдары салынған 6 жатақханада 1700 орын бар. Олардың барлығы ескі болғандықтан, сейсмикалық талаптарға сай емес. Сондықтан, оқу ордасы жаңа жатақханалар салуды жоспарлап отыр. Ал, мегаполистегі тек мемлекеттік жоғарғы оқу орындарына 22 мыңнан аса орын керек.  

Сондай-ақ, депутат Зағипа Балиева 20 пайыз алғашқы жарнамен 25 жылға 7 пайыздық үстемемен берілетін тұрғын үй бағдарламасының талаптары әлі де талқыланып жатқандығын айтты.

Зағипа Балиева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қандай жоғарғы оқу орындарымен келісімдер жасалды, грант бөлу тәртібі қандай, бұл мәселелерді мамыр айында келіп тағы бір пысықтаймыз. Қыркүйекте  «7-20-25» бағдарламасы бойынша, Ұлттық банк пен екінші деңгейлі банктердің барлық құжаттары дайын болғанда, оның мән-жайын тағы да түсіндіреміз.

Мәжілісмендермен кездескен жастар техникалық білімге қатысты сұрақ қойып, грант мәселесін көтерді. Ал, депутаттардың сөзінше, Мемлекет басшының тапсырмасымен 11 мың грант техникалық мамандықтарға бағытталмақшы.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ  

Хабарламаларға жазылу