Алматыдағы сауда орталығында өртке қарсы жаттығу өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы сауда орталығында өртке қарсы жаттығу өтті

02.04.2018

Кемероводағы жағдайдан кейін еліміздегі сауда орталықтары мен базарларда өрт қауіпсіздігіне айрықша мән беріле бастады. Бүгін Алматыдағы «MEGA PARK» сауда ойын-сауық орталығы қалалық төтенше жағдайлар департаментімен бірігіп, өртке қарсы оқу-жаттығу жиынын өткізді. Таңертеңгі сағат 11:30-да ғимаратқа өрт қойылып, 2500-ден астам адам сыртқа шығарылды. Жаттығу барысында өрт қауіпсіздігінің барлық жүйесі тексеруден өтті. Өрт сөндіруге арналған соңғы технологиялар қолданылып, қызметкерлердің кәсіби біліктілігі сыналды.

Оқу-жаттығу жиыны ешкім күтпеген жерден орын алды. Шартты түрде кинотеатр ішінде өрт тұтанып, дабылқаққыштар мен хабарландыру жүйесі іске қосылды. Қонақтар мен ғимаратты жалға алушылар сыртқа шығарылды. Дереу құтқарушылар келіп, мүмкіндігі шектеулі жандар мен кішкентай балаларға көмек көрсетті. Соның арқасында орталықтағы 2500-нан астам адам 9 бірдей эвакуациялық есіктер арқылы 7 минуттың ішінде қауіпсіз жерге көшірілді.

Нұрлан Смағұлов, «Astana Group» компаниясының президенті:  

- Осындай жаттығулардың маңызы зор. Біз Кемероводағы оқиғадан сабақ алдық. Өрт қауіпсіздік жүйесін жан-жақты күшейтіп жатырмыз. Қазіргі уақытта осындай орталықтарды төтенше жағдайлар департаменті жылына бір-ақ рет тексере алады. Ал, біз өз еркімізбен сол заңды өзгертіп, жоспардан тыс тексеру шараларын ұйымдастыру жайлы меморандумға қол қойғымыз келеді. Оған қоса, барлық сауда орталық иелерін осы меморандумға қосылуға шақырамын. Өйткені, осындай жағдайға дайын екенімізге біз халықтан бұрын өзіміз сенімді болуымыз қажет.  

Жаттығуға төтенше жағдайлар департаментінің 11 арнайы техникасы мен жеке құрамның 128 қызметкері қатысты. Сондай-ақ, жергілікті полиция мен жедел-жәрдем мамандары да тартылды. Олар шартты түрде іште қамалып қалған 5 адамды құтқарып, сол жерде көмек көрсетті. Ал, өрт сөндірушілер тілсіз жауды ауыздықтауға арналған жаңа құрылғыларды сынақтан өткізді.

Серік Әубакіров, қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:

- Республика бойынша сауда-ойын сауық орындарының ішінде «Мега» орталығы өзінің өрт сөндіру қызметі бар жалғыз мекеме десек болады. Сондықтан, біздің қызмет келіп жеткенше, өрттің көзін тауып, оған қарсы алғашқы шараларды қолдануға толық мүмкіндігі жетерлік. Бірақ, бұл төтенше жағдай болғандықтан, оған жан-жақты дайындықты әрқашан тексеріп тұруымыз керек.

Сауда ойын-сауық орталығы өрттің алдын алу мен эксплуатацияға дайын екенін көрсетті. Орталық басшылығы осындай жаттығу жиынын 5-ші сәуір күні Астанадағы «MEGA SILK WAY-де» өткізбек. Ал, Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті алдағы үш айдың ішінде қаладағы 160-тан астам осындай мекемелердің өртке қарсы қауіпсіздік жүйесін тексермек.

Амангелді СЕЙІТХАН

Хабарламаларға жазылу