ОҚО-да балмұздақтан ұшынғандар саны 188-ге жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ОҚО-да балмұздақтан ұшынғандар саны 188-ге жетті

03.04.2018

Оңтүстік Қазақстан облысында балмұздақтан ұшынған адамдар саны 188-ге жетті. Оның 89-ы әлі күнге ауруханада жатыр. Ал, «Южное» сауда белгісімен балмұздақ сатқан дүңгіршекке жасалған тексеру кезінде сауда орнында санитарлық талаптардың мүлдем сақталмағаны белгілі болды. Құзырлы органдардың берген мәліметі бойынша, балмұздақ үй жағдайында әзірленген. Өнім сауда орнына тоңазытқышы жоқ қарапайым көліктермен тасымалданып келген. Ең сорақысы, балмұздақ әзірлеумен және оны сатумен айналысқан отбасы мүшелерінің тек біреуінде ғана медициналық тексерістен өткенін растайтын кітапша болған. Балмұздақ сатқан азамат кәсіпкер ретінде еш жерге тіркелмеген. Сонымен қатар, дәмхана қызметкерлерінің ағзасында сальмонеллез жұқпалы дертінің қоздырғышы болуы мүмкін деген күдік бар. Ал, Ішкі істер департаменті осы жайтқа байланысты қылмыстық іс қозғады. 

Нұрбек Нышанов, Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті ОҚО бойынша департаменті басшысы:

- Алынған сүртінділерден 25 өнім алдық. Соның 24-і оң нәтиже беріп отыр. 12 қызметкердің анализін тексеріп жатырмыз. Бізге ауызша айтып отыр. Соның екеуінен сальмонеллез дейтін жұқпалы індеттің қоздырғышы анықталуда.

Салтанат Қаракөзова, ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының басшысы:

- Санитарлық қағидаларды және нормативтерді бұзу бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Бірнеше сараптама тағайындалды. Бүгінгі таңда балмұздақтан уланып, Ішкі істер бөліміне арызданғандар саны 103-ті құрап отыр. 

Тағы бір айта кетерлігі, балмұздақ сатумен айналысқан сауда орнына соңғы 15 жылдың ішінде ешқандай тексеру жүргізілмеген. Өйткені, ол заң бойынша «елеусіз нысандар» қатарына жататын болғандықтан, құзырлы орындардың тексеруге құқы болмаған.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу