«Қазақ елі Сирия жанжалын реттеу ісіне белсенді қатысып келеді. Астана процесі қазір оң нәтиже бере бастады. Бұдан бөлек, Қазақстан тарапы, Ауғанстандағы саяси жағдайды тұрақтандыру жолындағы әлемдік қауымдастықтың күш-жігерін де қолдайды». Халықаралық қауіпсіздік жөніндегі Мәскеу конференциясында баяндама жасаған еліміздің Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов осылай деді. Ол 2008 жылдан бері әлемде түрлі қақтығыстардың 3 есе өскеніне де тоқталды. Бұл орайда біздің еліміз қауіп-қатердің алдын алып, кез келген мәселені бейбіт шешуге мүдделі. Бұл жиынға әлемнің 100-ге тарта мемлекетінен келген өзге мамандар да терроризм, экстремизм және есірткі саудасы сынды індеттермен бірлесіп күресудің маңызы жайлы ойларымен бөлісті. Статистика бойынша, былтырдың өзінде лаңкестердің қолынан қаза тапқан және жараланған адамдардың әлемдегі саны 33 мыңнан асқан.
Сәкен Жасұзақов, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі:
- Аймақтағы қауіпсіздікке барлық тараптың жауапты екенін түсінгендіктен, Қазақстан Орталық Азиядағы тұрақтылықты сақтауға, қауіп-қатердің алдын алуға өз үлесін қосып отыр. Қазақстан өзінің және Орталық Азиядағы өзге мемлекеттердің экономикалық дамуына қолайлы жағдай жасау үшін әлемдегі және аймақтағы саяси жағдайдың тұрақты болғанын қалайды. Сондықтан, Қазақ елі аймақтық интеграцияны арттырып, жанжалдарды басып, саяси-әлеуметтік мәселелерді шешу жолында көптеген бастама көтеріп келеді.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ