Қызылорда облысында Қазалы аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы қызметкерлеріне дөрекілік көрсеткен және жұмыс уақыт аяқталса да, кешке дейін отыруға мәжбүрлеген. Ал, облыстың Жаңақорған ауданында ауыл әкімі заңсыз тәртіптік шара қолданған. Басшының осындай әрекеттеріне шыдамаған қызметкерлер құзырлы органға шағымданды.
Қазалы аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының өрескел әрекеттеріне байланысты бірнеше рет жасырын түрде арыз түскен. Одан соң ұжым атынан хат жазылды.
Ал, Қызылордадағы №2 Мұрагер мектебінің мұғалімдері қалалық білім бөлімі тарапынан негізсіз тексеру жүргізілгендігін айтып шағымданды. Ұстаздар «мұндай тексеру сабақ процесіне кері әсерін тигізеді» деп санайды. Арыз аяқсыз қалған жоқ, нәтижесінде қалалық білім бөлімінің басшылығы қатаң жазаланды. Бір бұл ғана емес, Шиелі аудандық білім бөлімінде де келеңсіз факті тіркелген. Бөлім маманы жеке кәсіпкердің жұмысына кедергі келтірген. Жаңа ашылған балабақшаны тіркемей, 8 ай бойы сандалтқан.
Жадыра Тоғаева, «Жауқазын» балабақшасының меңгерушісі:
- Шиелі аудандық білім бөлімінің маманына жолықтым, ол кісі бізде қажеттілік жоқ екенін айтты. Бірақ, кейіннен мен Шиелі аудандық прокуратурасына арызданғанымда ол кісі сол арызымды қайта алуымды өтінді. Себебі, сол күні кешкі 7-ге дейін тіркеп беремін деп уәде етті. Соған сеніп арызымды алған болатынмын, бірақ ол алдап, тіркеген жоқ.
Заңды белден басып, қызметкерлердің құқығын таптаған лауазымды тұлға қызметін асыра пайдаланған мемлекеттік қызметші жазасыз қалмайды. Былтыр 71 тексеру болып, 294 кемшілік анықталған.
27 мемлекеттік лауазымды тұлғаға әр түрлі тәртіптік жаза қолданылды. Сондай-ақ, қазір мекемелерде жұмыс уақыты аяқталған соң қызметкерлерді ұстамау мәселесі де назарда. Арнайы жүргізілген сауалнама нәтижесінде қамтылғандардың 49 пайызы жұмыстан кеш қайтатындарын айтқан.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ