Ақтөбе облысында өртке оранып, 52 адам қайтыс болған автобустың иесі іздестірілуде. Бұл туралы бүгін Бас прокуратура өкілдері мәлімдеді. Олардың айтуынша, бұл мәселе бойынша қылмыстық іс аяқталуға жақын. Көлік қожайыны қатыспаса да, іс соңына дейін жеткізіледі. Жиында заң өкілдері бүкіл ел бойынша жолаушылар тасымалдайтын автобустарды тексеріп, журналистерге қорытындысын жариялады. Нәтиже көңіл көншітпейді. Еліміздегі әрбір 3-ші автобус техникалық тексеруден өтпегені белгілі болды.
Ақтөбедегі қайғылы оқиға қазақстандық жолаушы тасымалдаушыларға еш әсер етпеген сыңайлы. Бас прокуратура 3 апта бойы жүргізген тексерістің нәтижесі біраз былықтың бетін ашты. Жылдар бойы жаңартылмаған автопарктер, техникалық ереже мен өрт қауіпсіздігін сақтамайтын автобустар, қирайын деп тұрған көліктер еліміздің барлық өңірінде кездеседі. Тіпті заңсыз өзгертіліп қайта жабдықталған 100-ге жуық автобус анықталған.
Оксана Лоскутова, ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі:
- Автобустарда тахограф, дәрі қобдишасы, апат люктары жоқ болып шықты. «Мұнай серив» ЖШС автобус ішін бензинмен жұмыс істейтін ашық отпен жылытқан. Талдықорғанда балаларды заңсыз тасымалдаған жүргізуші ұсталды. Ол салонды дәнекерлейтін шаммен жылытқан.
Қазір елімізде 800-ден астам тасымалдаушы ресми тіркелген. Прокурорлар заңды белшесінен басып, өзінің де, өзгелердің де басын қауіпке тігіп келген 139 заңсыз тасымалдаушыны анықтады. Айтуларынша, олар жүргізушілерді медициналық тексерістен өткізбейді, жолға шығарда көліктердің қауіпсіздік талаптарын да тексермейді.
Қала шетін жағалап жолаушыларды арзан бағаға қалаған жерге жеткіземін деушілер көбейіп барады, рас. Бір Астананың өзінде мұндай екі-үш бекет бар. «Олардың көлеңкелі бизнесін тоқтату үшін заңды күшейту керек», - дейді депутаттар.
Омархан Өксікбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Ескі автобустар аз ақша алады. Сондықтан, арзандығына қызығып отырады. Істен шығып жатады. Ірілендіру керек негізі мұны.
Прокурорлық тексерістің қорытындсы бойынша 2 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкерілікке тартылып, оларға 36 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. 52 тасымалдаушы лицензиясынан айырылып, 100 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылады. Мұндай тексерістер енді жиілей түседі. Өйткені, жолаушылар өмірі маңызды. Тіпті Бас прокурордың өзі Үкіметке құқықбұзушылықтың алдын алуға қатысты арнайы ұсыныс жасамақшы.
Бақытжан ОМАР