Еуразиялық экономикалық одақ құру жөніндегі шарттың соңғы нұсқасы алдағы бір-екі күнде Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ресми сайтында жарияланады.
Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаев хабарлады.
Оның сөзінше, құжат көлемді. Қазірдің өзінде ол 750-ден астам бетті қамтиды. Бизнестің тек тасымалдау түрінің өзі әуе, теміржол, автокөлік және су жолы секілді төрт бөліктен тұрады.
«Қазір әр тармақ бойынша қызу пікірталас жүруде»,- деді Рахым Ошақбаев.
Шарттың бұған дейінгі 5 нұсқасы да ресми сайтқа жарияланған болатын. Осылайша, бизнес қауымдастық одақ құру туралы шарттағы қазақстандық ұстанымды білдіруге белсене атсалысып отыр.
Ұлттық палата шартқа өзгеріс ретінде палатаға Еуразиялық экономикалық сотқа тікелей шағымдануға мүмкіндік беретін бап енгізуді сұрап отыр. Өйткені, кәсіпкерлердің сотқа жүгініп, тиісті заңнаманы зерттейтін мүмкіндігі жоқ.
Рахым Ошақбаев, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары:
Нарық болған соң түрлі түсініспеушіліктер мен басқа да жағдайлар болады. Кей жағдайларда кәсіпкерлердің сотқа жүгінуіне тура келеді. Сондықтан, ел Үкіметіне және Еуразиялық экономикалық одақ кеңесіне осындай ұсыныс енгізіп отырмыз.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ