Алматы облысының «Қараой» әскери полигонында «Қалқан - 2018» тактикалық оқу-жаттығуы өтті. 3-рет ұйымдастырылған сарбаздар сынағына республикалық шекара қызметі академиясын биыл бітіретін 200-ден астам курсант қатысты. Олар 4 жыл бойы жинаған білімін тәжірибе жүзінде сынап көрді.
Оқу-жаттығу жиыны шекара шебіндегі шиеленіс жағдайында өтті. Сарбаздар шекараны заңсыз бұзып өтпек болған қарулы топқа тосқауыл қойды. Алайда, мұздай қаруланған қарсыластар оңайлықпен алдырмады. Қауіптің бетін қайтару үшін офицерлер қақтығыс аймағының картасын жасап, жүйелі іс-қимыл жүргізу арқылы міндетті ойдағыдай орындады.
Нұржан Умашев, курсант:
- Тапсырманы орындау барысында қиындықтар болды. Бірақ, бұған біз дайындалғанбыз. 4 жыл бойы осы іс-әрекетке дайындалып келе жатырмыз.
Жаттығу барысында әскери әуе күштерінің де әлеуеті сыналып, сарбаздар түрлі техникалардың мүмкіндігін байқап көрді. Ұрыс алаңында барынша сақ қимылдаған жас әскерилер содырларға соққы беруге сақадай сай екендігін көрсетті. Дегенмен, қырағы көзді бақылаушылар аздаған әттеген-ай дейтін жағдайдың болғандығын да айтты.
Қанатбек Солтанов, ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясының аға оқытушысы:
- Жаттығулар өзінің мақсатына жетті. Кемшіліктер бірен-саран. Тек қана кейбір талаптардың сақталмауы, курсанттардың киім-кешектерінің, эпикировкаларының сақталмауы сияқты ұсақ-түйек кемшіліктер болды.
Мамандар аталған кемшіліктердің келесі жарыста түзелетіндігін және «Қалқан» тактикалық оқу-жаттығуының осындай олқылықтарды болдырмау үшін маңызы зор екендігін жеткізді. Ал, қарулы күштерде барлығы мінсіз болуы үшін алдағы уақытта шараның ауқымын кеңейтіп, өзге де күштік құрылымдардың өкілдерін қатыстыру жоспарланып отыр.
Амангелді СЕЙІТХАН