Жамбыл облысында көпқабатты 10 үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында кәсіп ашамын дегендерге шағын несие беріледі. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Жамбыл облысына барған жұмыс сапарында өңір тынысымен танысты. Партияның облыстық филиалының кезектен тыс конференциясына қатысып, студент жастармен, «100 жаңа есім» жобасының қатысушыларымен кездесті. Осы жиында «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы болып облыс әкімі Асқар Мырзахметов сайланды.
Әулиеата жеріне ат басын бұрған Мәулен Әшімбаев алдымен «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы салынып жатқан жаңа мөлтекаудан құрылысымен танысты. 362 гектар аумақта 280 көпқабатты тұрғын үй бой көтереді. Қазір әрқайсысы 80 пәтерлі 10 үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Инфрақұрылым түгел тартылған. 800-ге жуық тараздық отбасы жыл соңына қарай жаңа баспананың кілтін алады.
Осыдан кейін, Мәулен Әшімбаев «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалының кезектен тыс 21-конференциясына қатысты. Қазір ел тұрғындарының жағдайын жақсарту жолында 22 жоба қолға алынған. Шағын және орта бизнеске басымдық беріледі. Микрокредит көбейіп, өңірлерде 20 орталық құрылады. Цифрландыру сабақтары мектептерде оқытыла бастайды.
Махметқали Сарыбеков, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры:
- «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру барысында ТарМУ-де 2017 жылы пилоттық режимде мехотроника мамандығы ашылып, 20 студент қабылданды. Олар Польша елінде 2 курс оқып екі елдің дипломын алады.
Бес әлеуметтік бастама бойынша атқарылатын жобалар да партия тарапынан қатаң қадағаланады. Саяси ұйымының басты міндеті – Елбасы бастаған жаңғыру процесіне сенімді тірек болып, стратегиялық күшке айналу.
Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
- Осы жұмыстардың басында «Нұр Отан» партиясы жүруі керек. Тек қана күнделікті жұмыстармен айналыса бермей, біз енді өзіміздің стратегиялық миссиямызды ойдан шығармай заманауи инновациялық үрдістерге бейімделген 21-ғасырдың саяси ұйымын қалыптастыру және осы саяси ұйым Елбасының сенімді тірегі болуы керек.
Алға қойған мақсат көп. Еліміздің дамыған 30 ел қатарына кіруі үшін – жастардың жаңашылдыққа тез бейімделіп, заман көшіне ілесуі маңызды. Оған мүмкіндік мол.