500-ге жуық нысанның тек алтауы ғана өрт қауіпсіздігіне толығымен сай болып шықты. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында Ішкі істер министрлігінің вице-министрі Юрий Ильин мәлімдеді. Оның айтуынша, жоспар бойынша барлығы 692 нысан тексеріледі. Осы уақытқа дейін 460 нысанда тексеру шаралары аяқталды. Бірақ, жоғарыда айтқанымыздай, нәтижелері нашар.
Бұл тексерістерге қоғам өкілдері, прокуратура мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің қызметкерлері қатысуда. Тексерулер кезінде алдымен ескерту жасалады. Егер нақты уақыт ішінде талаптар орындалмаса, онда заң бұзған нысандарға қатысты барлық материалдар сотқа жолданады. Айта кетейік, Ресейдің Кемерово қаласында болған өрт оқиғасынан кейін Қазақстанда сауда ойын-сауық орталықтарына жоспардан тыс тексерістер басталды. Негізгі мақсат - өрт қауіпсіздігінің деңгейін анықтау.
Юрий Ильин, ҚР Ішкі істер министрлігінің вице-министрі:
- Әрине, бұл - өкінішті жағдай. Тексерістердің нәтижесі тым нашар. Меніңше, бұл мәселені қоғам болып шешу керек. Сол себепті, біз барлық тексерулердің нәтижесін ресми сайтқа жариялап отырамыз.
Азамат НҰҒЫМАНОВ