Биыл  цифрлық телерадио хабар тарату басталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл  цифрлық телерадио хабар тарату басталады

16.04.2018

Биыл бірнеше шекаралас облыс толығымен цифрлық телерадио хабар таратуға көшеді. Бұл туралы бүгін Ақпарат және коммуникациялар министрлігінен мәлімдеді.  Өзге облыстар 2021 жылға дейін цифрлық форматқа ауысып, қазіргі аналогтық телевизия хабарын тарату біртіндеп тоқтатылады.

Цифрлық телерадио хабар тарату үшін еліміз бойынша 827 теле және радиостанция жабдықталады. Бұл жұмыс бес жыл бұрын басталды. Қазір осындай 356 станция дайын. Бұл жаңалықпен бүгін Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев өзінің «Facebook»-тағы парақшасында бөлісті. Осылайша, облыс орталығында тұратындар  отыз отандық телеарнаны, елді мекендерде тұратын көрермендер 15 телеарнаны тегін әрі сапалы форматта көре алады.

Елдос Нәшірәлі, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің департамент директоры:

-Бұл - әлеуметтік жоба. Яғни, қазақстандықтар ауылдық жер болсын, қала болсын жоғары сапада тегін отандық телеарналарды көре алатын болады. Қазір қазақстандықтар пайдаланып отырған теледидарлардың көбісінің цифрлық телехабарды қабылдауға мүмкіндігі бар. Ол үшін арнайы қондырғы алудың қажеті жоқ.

Жоспар бойынша биыл қазан айында Маңғыстау облысы, желтоқсан айында Оңтүстік Қазақстан облысы мен Жамбыл облыстары аталған форматқа көшеді. Бұл өңірлердің таңдап алынуы да тегін емес.

 Елдос Нәшірәлі, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің департамент директоры:

-Маңғыстау, Жамбыл, ОҚО таңдау, ең алдымен әрине, олар шекаралас болғандықтан және дайындық деңгейі жоғары болғандықтан. Мен айтып кеткен радиотелевизиялық станциялардың барлығы осы облыстарда орнатылған.

Бұл жұмыстардың барлығы  «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Биыл жыл соңына дейін тағы 300-ге жуық станция іске қосылады. Өзге өңірлерде цифрлық хабар тарату 2021 жылға қарай толық аяқталады.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу