Сардарбековтер отбасы жарты ғасырдан бері өңірге су жеткізумен айналысады. «Құйылыс» жер асты су кен орнында бір атаның балалары құбырлардың бүтіндігін тексеріп, ұңғылардың жұмысын қадағалайды. Бүгінде династия өкілдері табан ет, маңдай терімен жеткен жетістігінің жемісін көріп жүр.
50 жылдан бері Маңғыстаудың тең жартысына техникалық су жеткізіп келген Сардарбековтер әулеті - шын ерліктің үлгісі. Сонау 1963 жылы Дүзелбай Сардарбеков «Құйылыс0f» табан тіреген. Содан бері оның балалары, ағаларының балалары, тіпті немерелері осында табан аудармастан қызмет етіп келеді. Олардың ең жасы отызда.
Бір атаның балалары бір тәртіпке бағынады. Аптақ ыстық пен сақылдаған сары аязда бір тамшы суды рәсуа қылмай қалаға жеткізеді. Құланиектеніп таң атқаннан қас қарайғанға дейін шақырымдарға созылған құбырларды тексереді.
Абай Сардарбеков, «Құйылыс» жерасты су учаскесінің шебері:
- 29 жыл бойы осы жерде гидрогеолог маманымын. Жұмысым жер асты қойнауындағы суды қалаға жеткізу. Тетелес туған інім де істейді. Соған осы суды жеткіземін. Ал, інім ары қарай қалаға жеткізеді.
Атаның құрығын ұстап қалғандардың бірі - Қажымұқан Сардарбеков. Бір жерде еңбек етудің артықшылығы көп. «Өйткені, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып ,ауызбірлікпен істеген жұмыстың берекесі де мол», - дейді ол.
Қажымұқан Сардарбеков, «Құйылыс» жерасты су учаскесінің шебері:
- Жұмыста бір тумаласым жүргізуші, біреуі дәнекерлеуші, біреуі электрик. Бір жерге жұмысқа барғанда бригада болып барамыз. Сардарбеков десе, жұмыс бітеді деп қабылдайды.
Әулеттің кенжесі - Ернар Сардарбеков. Ағаларының айтқанын екі етпейді. Үлкендер де кәсіптің қыр-сырын үйретуден жалықпайды. Сондықтан, жұмыс та өнімді.
Ернар Сардарбеков, Еңбек династиясының өкілі:
- Кезінде аталарымыз бастаған. Соны ағаларым жалғастырып жатыр. Жұмысқа соңғы кірген мен боламын. Жұмыс жақсы. Ағаларыма қарап үлгі аламын. Жұмысқа кіргенімізге он жыл болды. Қысы-жазы осы жерде.
9 баланы тәрбиелеп, адал еңбекке баулыған Дүзелбай Сардарбеков жеңіл жолмен келген игіліктің берекесі болмайды дегенді айтудан шаршаған емес. Бүгінде немерелері осы аманатты арқалап келеді.
Айсара АЙТМАН