Елімізде 1000 IT сыныптары ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде 1000 IT сыныптары ашылады

18.04.2018

«Нұр Отан» партиясы елдің әл-ауқатын арттыру мақсатында 22 іргелі жобаны жүзеге асырады. Құжатта шағын және орта бизнеске инновациялық технологияны енгізу, кәсіпкерлер үшін шағын несие беруді ұлғайту және цифрландыру бағдарламасын іске асыру көзделген. Осы мақсатта елімізде 1000 IT сыныптары ашылады. Онда оқушылар бағдарламалау және роботтық техника негіздерін оқып-үйренеді.

Ал, кітапханалар заманауи білім орталықтары ретінде қайта жаңғыртылады. Бұл жөнінде партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Павлодарға барған сапарында айтты.

«Қазақстан электролиз зауыты». Бұл - еліміздегі серпінді жобалардың бірі ретінде салынған кәсіпорын. Жылына 250 мың тонна дайын қалайы шығарады. Өндірісте соңғы үлгідегі сандық технологиялар қолданылады. Бұл -  төртінші өнеркәсіптік жаңғырту бастамасының жемісі. Еңбек ұжымымен кездескен «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Президенттің бес әлеуметтік бастамасының маңызына ерекше тоқталды.

Бұдан соң жетекші партия мен республикалық Кәсіподақтар федерациясының бірлескен жиыны өтті. Еңбек адамының құқығын қорғау, әлеуметтік жағдайын жақсарту жолдары талқыланды. Бұл бағыттағы жұмыстарды бірлесе атқару үшін меморандум бекіді.

Бақытжан Әбдірайым, республикалық Кәсіподақтар федерациясының төрағасы:

- Бұл құжат Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік мемлекет қалыптастыру және әрбір адамды мемлекеттің ең басты құндылығы деп тану жолындағы ауқымды реформа жасау және жаңғыруға бағытталған мемлекеттік саясатты қолдауға негізделген.

Осы жолы саяси партияның жаңа даму стратегиясы жария етілді. Құжатқа жаңғыру аясындағы тың бастамалар мен идеяларды топтастырған 22  жоба енген. Негізгі басымдық интернет пен әлеуметтік желіге беріледі. Бұл- заман талабы. Соған орай елімізде 1000 IT сыныптары ашылады.

Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:

- Бұл  IT кластарында балаларға бағдарламалаудың және роботтық техниканың негіздерін үйрететін боламыз. Ол үшін арнайы шетелдік тәжірибелерді қарап жатырмыз. Бұл кластар мектептегі беріліп отырған пәндерге қосымша факультативті түрде берілетін болады.

Жаңа жобалар 9 бағытты қамтиды. Шағын және орта бизнесті инновациялық тұрғыдан дамыту, ашық ақпараттық қоғам, «Цифрлық Қазақстан», ауыл балаларын ағылшын тіліне үйретудің нақты жолдары көрсетілген. Сапар барысында Мәулен Әшімбаев жастар бастамаларын дамыту орталығы мен білім ошақтарын аралады.

Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу