Алматыда қоғамдық көлік жүргізушісі 24 жастағы бойжеткенді қағып кетіп, мерт қылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда қоғамдық көлік жүргізушісі 24 жастағы бойжеткенді қағып кетіп, мерт қылды

18.04.2018

Қайғылы оқиға қала орталығындағы Төле би мен Өтеген батыр көшелерінің қиылысында болды. Бағдаршамның қызыл түсі жанғанда өтіп кетпек болған автобус жүргізушісі өрімдей қыздың өмірін қиды.

Нұрлан Асқарұлы,  тілші:  

- Бүгін әлеуметтік желде тарап, жұрттың жағасын ұстатқан оқиға дәл осы жаяулар өтпесінде болған. Куәгерлердің айтуы бойынша, мұндай жағдай бірінші рет тіркеліп тұрған жоқ. Бұған дейін де осындай бірнеше көлік апаты болыпты.  

Егер, көше бойына орнатылған ақылды камералар болмаса, бұл жол-көлік апатының қалай болғандығын ешкім де дөп басып айта алмас еді. Ал, бейнекамерадағы мына көріністе болған оқиға қолмен ұстап, көзбен көргендей анық.

Гүлназ Жаңабаева Алматы технологиялық университетінің 1-курсында оқиды. Оқу ордасы «Сайран» автобекетіне жақын болғандықтан, осы жерден күніне бірнеше мәрте өтеді. Бойжеткен соңғы кезде мұндай жол-көлік апатының қайталануы жиілегендігін жеткізді. Ал, ол бүгінгі жағдайдан кейін қоғамдық көлікке отыруға жүрексініп қалыпты.  

Гүлназ Жаңабаева, студент:

- Жап-жас қыз қыршыннан қиылып кетіп отыр. Жай ғана асығыстықтың кесірінен. Сондықтан да қатты айдауға байланысты тыйым салынып, заңға өзгеріс енгізу керек деп ойлаймын.

Қайғылы оқиғаға себеп болған қоғамдық көлікті полицейлер айып тұрағына қойды. Ал, жүргізуші уақытша ұстау абақтысына қамалды. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.  

Салтанат Әзірбек, қалалық Ішкі істер департаментінің ресми өкілі:

- Қылмыстық кодекстің 45-бабының үшінші тармағының санкциялары 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру мерзімін көздеп отыр. Міндетті түрде сот өзінің шешімін шығарған кезде ауырлататын және жеңілдететін мән-жайларды есепке алады.  

Ал, жүргізушіні «тәртіпті бұзбайтын, епті жұмысшы еді», - дейді автопарк қызметкерлері. Себебі, бұған дейін ол екі жылда бір-ақ рет жол ережесін бұзыпты. Олар жол апатының болғанына «қос құлағына құлаққап киіп, көшені қиып өтетін адамдардың да кінәсі болуы мүмкін», деген уәж айтты.

Бақытжан Рысбаев, «Green Bus Company» ЖШС директорының орынбасары:

- Жүргізуші 1977 жылы туған. Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданының азаматы. Жалпы, автобус жүргізу тәжірибесі 7 жыл болған. Біздің компанияда екі жылдан бері  жұмыс істейді.

Қазір жүгенсіз кеткен автобус жүргізушілерінен тұрғындар әбден мезі болған.

Көпшіліктің пікірінше, осы оқиға өзге жүргізушілер үшін сабақ. Өйткені, тіршілігі қайнаған қала тұрғындарының тұрмысы мен жұмысы қоғамдық көлік пен жолға байланған. Сондықтан, жұрт жүргізушілер жол ережесін бұзса, қатаң жазалануы тиіс, деп отыр.  

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ  

Хабарламаларға жазылу