Сарапшылар еліміздің ветеринария қызметін бағалады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сарапшылар еліміздің ветеринария қызметін бағалады

19.04.2018

Халықаралық эпизоотия бюросының сарапшылары Қазақстанның ветеринарлық қызметіне бағалау жүргізіп жатыр. Мамандар Алматы өңірлік мал дәрігерлік зертханасының жұмысымен танысты. Ал, 9-сәуірден бастап Астана, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарын аралаған олар елдегі ветеринария саласына оң бағасын берді. Өйткені, алдыңғы бағалау миссиясы 2011 жылы өткен. Сарапшылар содан бері біршама іргелі істердің атқарылғандығын айтты. Мәселен, аудандық ветеринарлық станциялар мен пунктер құрылып, жануарларды сәйкестендіру бойынша деректер базасы жаңартылған. Ал, Қазақстанның 5 өңірі былтыр халықаралық эпизоотия бюросына мүше 85 елдің ішінде аусылдан таза аймақ мәртебесін алған. Мұның барлығы «Жүйелі жүргізілген жұмыстың нәтижесі», - дейді шетелдік сарапшылар. 

Тұрсын Қабдолданов, ҚР АШМ Ветеринарлық қадағалау және бақылау комитеті төрағасының орынбасары:

- Бізде соңғы миссия 2011 жылы болған. Осындағы берілген ұсыныстардың барлығына мақсатты шаралар жүргізілген. Жеке ветеринарлық комитет, бақылау және қадағалау комитеті құрылған. Сондай-ақ, жергілікті атқару органдарында ветеринарлық бөлімшелер ашылды. Республика көлемінде бүгін 200-ден астам ветеринарлық станция, 2341 ауыл округінде ветеринарлық пунктер қызмет атқаруда. Олардың барлығында 20 мыңнан астам мал дәрігерлер қызмет атқарады.

 

Амангелді СЕЙІТХАН

Хабарламаларға жазылу