Есіл өзені ернеуінен шығып, теріскейдегі Новоникольск ауылына кіретін жолды су басты. Сергеевка су қоймасынан тасыған су Қызылжар ауданына жетіп, ауыл тұрғындарын әбігерге салуда. Әзірге елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Мамандардың айтуынша, алдағы аптада Петропавлдағы Заречный кентіне апарар жол мен шеткі көшелерді су басуы мүмкін.
СҚО-да су тасқыны басталды. Қызылжар ауданы Новоникольск елді мекеніне апаратын көпір су астында қалды. Мамандардың сөзінше, осы күнге дейін су мөлшері 9 метрге дейін көтерілген. Тек кешегі 1 тәулікте ғана су деңгейі 227 см. дейін көтеріліпті. Қазір жағажайдың арғы жағындағы ауыл тұрғындары екінші бетке өте алмай дал.
Су кеше кешкісін көтерілді. Жағалаудың ар жағындағы жұрт айналма жолмен үлкен трассаға шығуға мәжбүр. Жалпы, көктем келісімен теріскейлік тұрғындардан маза кетеді. Бұл соңғы 4 жылдағы қалыпты жағдай.
Наталья Левина, «Қазгидромет» РММ СҚОФ директорының орынбасары:
- 20-21 сәуір күндері солтүстік-батыстан жел соғып, жауын жауады. Сондықтан, су деңгейі тағы көтеріліп, өзен мұзы жарылады. Ал, мамыр айының басында облыс орталығының маңындағы су 10 метрге дейін көтерілуі мүмкін. Салдарынан Заречный кентіне және «Вороний остров» демалыс орнына барар жолдарды су басады.
Мамандар қала сыртындағы саяжайға бармау керек деп кеңес береді. Өйткені, өзен арнасынан асып, саяжайларды су басуы ықтимал. Бұған дейін өңірдегі 12 елді мекенге қызыл су кіруі мүмкін деген. Енді қауіп жоқ деп сендіруде.
Асхат Ержанов, СҚО ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:
- Қазір қауіп төніп тұрған ауылдар жоқ. Өзен бойындағы Есіл және Қызылжар аудандарында жағдай қалыпты. Тек Заречный кентіне апарар жол мен шеткі көшелерді су басады, ал, былтырғыдай тасқын болмайды.
Қазір өзен деңгейі 4 метрге көтерілген. Сондықтан, алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр. Аудандарда арнайы штаб құрылып, 5-сәуірден бері тәулік бойы су деңгейі толық бақылауда.
Самат САПАРАЛЫ