Астанадағы Сейфуллин мен Уәлиханов көшелерінің қиылысында жеңіл қылмыстар жиі тіркеледі. Ал, Сарыарқа ауданында жол-көлік оқиғасы көп болған. Осы тектес мәліметтерді еліміз бойынша әркімнің күнделікті біліп отыруына мүмкіндігі бар. Ұлт жоспарының 32-ші қадамында «Қылмыстық құқықбұзушылықтар картасы» интернет порталын жасау тапсырылған еді. Бүгін Парламент Сенатының тиісті комитеті Бас прокуратура ғимаратында көшпелі отырыс өткізіп, осы жұмыстың орындалу барысымен танысты.
Қай жер қауіпті немесе қауіпсіз? Сұрақтың жауабы картада. Яғни, қылмыстық құқықбұзушылықтар бірыңғай тізімге тіркелгеннен кейін 15 минутта интернет порталға жүктеледі. Сөйтіп халық еліміздің қай бөлігі криминалдық жағынан қауіпті екенін көреді, сақ жүреді. Ал құқық қорғаушылар талдау жасап, олқылықтарды жоюға талаптанады. Қазіргі таңда картаға қалалардан басқа 203 елді мекен қосылды.
Бұл 11,3 млн тұрғын. Әлі үй нөмірлері түгел емес, кей елді мекен мен жаңа участоктар толықпаған. Сондай-ақ, картада экологиялық құқықбұзушылықтар туралы да ақпарат болуы тиіс.
Ерлан Тұрғымбаев, ҚР ІІМ бірінші орынбасары:
- Мәліметтер керек. Қылмыстың деңгейі, кім жасады, бұрын сотталған ба, кәмелетке толған ба, жұмыссыз немесе тұрғылықты мекенжайы бар ма? Денсаулық сақтау ұйымдарында, құқық қорғау органдарында есепте тұр ма? Порталда осындай ақпараттар да берілсе. Тұрғындар айналасындағының бәрін біліп отырсын.
Карта ең бірінші кезекте полицейлер үшін, білім беру ұйымдарына пайдалы. Себебі, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық және жол-көлік оқиғасы туралы жан-жақты мәлімет беріледі. Алайда, қазір әр ведомствоның өз картасы бар. Бұл әркімнің өз бетінше әрекет етуіне әкеледі. Демек, ақпарат бір арнаға тоғыстырылғаны дұрыс деп санайды сенаторлар. Сондай-ақ, геопортал ғұмырлы болумен қатар, сапалы қызмет көрсетуге біраз ресурс қажет.
Марат Қоғамов, ҚАЗГЗУ профессоры:
- Бюджеті қандай? Комитеттің көшпелі отырысы осы мақсатта өтіп отыр. Олар көмектесе алады. Өйткені, заңдылық негізі бар. Президенттің бағдарламасы бойынша 100 қадамның 32-ші қадамы. Бұл да заңдық құжат.
Бағдат Мусин, ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрағасы:
- Әрі қарайғы жұмыс істеуіне бюджеттен қосымша қаржының қажеті жоқ. Бәрі комитет күшімен іске асырылуда. Осы жұмыстың соңында жүрген арнайы мамандар бар. Бүгінде Ішкі істер органдарын техникамен қамту үшін 11 млрд. теңге дайын.
«Qamqor.gov.kz» және «infopublic.pravstat.kz». Бұл - порталдардың атауы.
Онда азаматтарға, ғылыммен айналысушы және қоғамдық ұйым өкілдеріне де статистикалық деректер бар. Бастысы, белгілі бір аудан-қаладағы қылмыстар жағдайы туралы уақытылы әрі шынайы ақпарат тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпек.
Нысаналы ЫҒЫЛ