Алматыда студенттерге жатақхана жетіспейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда студенттерге жатақхана жетіспейді

20.04.2018

6000 орын қажет. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» республикалық кеңесінің көшпелі отырысында айтылды. Жұмыс сапарымен келген депутаттар алдымен жоғарғы оқу орындарының жатақханаларын аралап, студенттердің тұрмысымен танысты. Сондай-ақ, олар оқытушылармен кездесіп, жоғарғы білімнің сапасын көтеру мәселелерін талқылады.

Қазір елімізде 530 мыңнан аса студент білім алып жатыр. Олардың 59 мыңы мемлекеттік білім грантын ұтып алғандар. Қалғаны ақылы түрде оқиды. 204 мыңға жуығы шалғай ауылдардан келген жастар. Сондықтан, осы көрсеткіштен жатақхана жетіспейтіндігін көруге болады. Ал, жатақханадан орын тимеген 100 мыңнан астам шәкірт пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Енді, Елбасының үшінші бастамасында айтылған мәселелер қолға алынып, алдағы уақытта республика көлемінде 75 мың орынға арналған жатақханалар салынбақшы.

Гаухар Алдамбергенова, Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры:

Қыздар педагогикалық университеті де бұл жұмыстан шетте қалып жатқан жоқ. Біз міндетті түрде бірінші орында қолға алып жатырмыз. Қазір халыққа қызмет көрсетіп жүрген жоғарғы оқу орны болғандықтан, кейбір жатақханаларымыз күрделі жөндеуді қажет етеді.

«Студенттерге сапалы білім беріп, саналы маман ретінде қалыптастыру - маңызды мәселе», - дейді депутаттар. Себебі, Президенттің бес әлеуметтік бастамасының бірі осыған негізделген. Сондықтан, бұған дейін білім қуған жастарға 54 мың мемлекеттік грант берілсе, енді оған 20 мың қосымша грант бөлінеді.

Студенттердің жағдайымен танысқан «Мирас» республикалық кеңесінің мүшелері көшпелі отырыста жоғарғы білім беру сапасына аса мән берді. Жиында оқытушылардың мардымсыз жалақысын көтеру, жас мамандарды баспанамен қамтамасыз ету мәселелері кеңінен талқыланды. Жатақханаларды қазіргі заман талабына сай тұрғызу керектігін айтты. Өйткені, олардың пікірінше, 70-80 жылдық тарихы бар көне жатақханаларды жаңартуға қыруар қаржы жұмсағанша, қабырғасын қайта қалау қажет. Сондай-ақ, сапалы білім алу үшін мемлекеттік ұлттық кодымызға сәйкес, оқытудың тың жүйесін енгізу шарт. Ал, мұғалімдікке жастарды тарту үшін түрлі мотивациялық қоғамдық жұмыстар жүргізу - міндет.

Бекболат Тілеухан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Ең бастысы, үлкен бастаманы Елбасымыздың өзі көтерді. Жасалып жатқан қамқорлықта қисап жоқ. Енді осының орнымен жұмсалуы, жан-жақты қамтылуы, қаралуы қашанда біздің партияның жіті назарында болады.

Сондай-ақ, депутаттар білім беру саласындағы жас мамандарға қызметтік пәтер бөлу қажеттігін айтты. Кеңес мүшелері мектеп, жоғарғы оқу орындарындағы қордаланған шаруаларды яғни, балаларды ұрып-соғу, жемқорлық, ақша жинау сияқты проблемаларды түбегейлі тексеруді қолға алуды көздеп отыр.

Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу