Ерекше өнерді серік еткен зейнеткер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ерекше өнерді серік еткен зейнеткер

23.04.2018

Атыраулық зейнеткер газеттен теңдессіз бұйымдар жасап, көпшілікті тәнті етті. Тіпті өзінің замандастарын берекелі іске баулып, шәкірт тәрбиелеуде. Қағаз қиындыларын қиялмен ұштастырған қала тұрғынымен әріптесім Жандос Темірғалиев сұхбаттасып қайтты. 

Әдетте6 көпшілігі газетті оқып біткесін, пайдасыз көріп тастай салады. Ал, сіз газеттен қолөнер бұйымдарын жасап, кәдімгі қағазға екінші өмір сыйлаған адам жайлы естіп пе едіңіз?!

Халима Ахметқызының ерекше өнерді серік еткеніне 6 жыл. Күнделікті 8-9 сағатын сүйікті хоббиіне арнайтын кейіпкеріміз, ойламған жерден кәсіпкер атанды. 42 жыл мемлекеттік салада қызмет еткен ол үшін, қызығушылықтан туған бұл ісі өнімді еңбектің жалғасы іспетті.

Халима Айбекова, зейнеткер:

- Бұл - себет. Осыған 1 газеттің нөмірі кетеді. Ал, енді мынаған қарасақ 6 газет кетеді екен. Менің ауыруға тіпті уақытым жоқ. Тек жасағым келіп тұрады. Басымды кішкене көтерсем, осыны қолыма ұстасам жазылып кетемін.

Бүгінде ол жасайтын қағаз себеттерге сұраныс көп. Тіпті той-томалақтарға қомақты көлемде тапсырыс алып, жұрттың алғысына бөленіп жүр. 

Халима Айбекова, зейнеткер:

- Қазір енді бізде құдалық көп, той көп. Сол тойға қыздың затын апарады ғой. Сосын дәм апарады. Осыған дәмдерін салып, таратады.

Зейнеткердің бұл ісіне қызығушылық білдіріп, үйренемін деушілер қатары күн санап көбеюде.  Тіпті замандастары да ынта білдіріп, қыр-сырын меңгеруге білек сыбана кірісіп кеткен. 

Баян Амандықова, зейнеткер:

- Біз мектеп бітіргеніміздің 40 жылын тойлағанбыз. Сонда Халима «мен мынадай себеттерді алып келіп, бәріне бір-бірден сыйға тартайық» деді. Содан көріп қызықтым мен. Қызықтым да Халимаға маған да үйретші деп айттым. Себебі, зейнеткерлікке шыққан соң бір нәрсемен айналысу керек болды. Көріп отырсыздар біз газетке екінші өмір беріп жатырмыз.

Бос уақытты тиімді пайдалануды жан рахаты деп білетін қолөнер шебері, алдағы уақытта жеке дүкенін ашып, қайталанбас бұйымдармен тұтынушыларды қуантпақ.

 

Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ

Хабарламаларға жазылу