Экспорт көлемі артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Экспорт көлемі артты

12.04.2014
Экспорт көлемі артты
Ақтөбедегі диірмен комбинатының экспорттық әлеуеті артып келеді. Бұрын өнімдерін Тәжікстан, Ауғанстан, Өзбекстан мен Еуропаға жіберетін. Кедендік одаққа енгелі шекаралас Ресей Федерациясының бірнеше облысынан сұраныс көбейді. Тасымалы жедел, тауар жеткізу оңай. Екі елдің кәсіпкерлеріне де қолайлы.
 
Диірмен комбинаты жылына 100 мың тонна бидай өңдейді. 75 мың тонна ұн шығарады. Қуаттылығы жоғары. Бидай қабылдап, өңдеп, уатып болған соң диірменге жібереді. 2 желі орнатылған. Мамандар 36 аппараттың жұмысын бақылайды. Тоқтаусыз жұмыс істеуі Жанғалиға жүктелген.
 
Жанғали Бозанов, цех шебері:
Мына құрылғылар тәулігіне 300 тонна бидай өңдейді. Автоматтандырылған орталықта басқарылады. Айына 1 күн жұмысты тоқтатып, құрылғыларды тазартып аламыз. 18 жыл еңбек етіп келемін. Озық технология келгелі жұмыс жақсарып, қуаттылық артты.
 
Ақтөбедегі диірмен комбинаты өнімінің 60 пайызын Қазақстанның әр өңірі алады. 40 пайызын алыс және жақын шетелге экспорттайды. Өткен жылы Ресейге 7 мың тонна ұн жіберілді. Биылғы жоспар 14 мың тоннадан асыру. 
 
Алтай Сутеев, «Жаңа Әлжан» диірмен комбинатының бас инженері:
Кедендік одақтың ашылуына байланысты Ресей Федерациясына жіберіп жатырмыз. Орынбор облысы, Орск қалаларына жіберіп жатырмыз. Кедендік одақтың ашылуы өз өнімімізді жіберуге көп көмек болып тұр.
 
Ақтөбеден шығатын жоғарғы сұрыпты ұн Ресей Федерациясында үлкен сұранысқа ие. Көрші елден түсіп жатқан тапсырыс көлемі артып келеді. Өйткені, бағасы арзан, табиғи тұрғыда сапалы. Ақтөбелік өндірушілердің ресейлік бәсекелестерден ұтып тұрған жері осы. Қазір диірмен комбинатының мамандары Беларусь нарығын зерттеп жатыр. Келіссөздер жүргізілуде, оңтайлы шешілсе Ақтөбе ұны Беларусь Республикасында да сатылатын болады.
 
Әлия ТАЛАСОВА

Хабарламаларға жазылу