Электронды декларация жүйесінің тиімділігі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Электронды декларация жүйесінің тиімділігі

24.04.2018

Кедендегі электронды декларация жүйесі тауар айналымын жылдамдатып келеді. Әсіресе, өнімін шекара асырып сататын кәсіпкерлер үшін жаңашылдық көп жеңілдік беріп отыр. Тауарын рәсімдеу үшін кететін қыруар уақыт қысқарып, қағазбастылық азайды.

Солтүстік Қазақстан облысындағы «Тимирязев ұн үгу комбинаты» бидай өнімін шетелге экспорттаумен айналысады. Осы күнге дейін шекарадан асатын әрбір партияның құжатын рәсімдеу үшін бірнеше көшірме жасап, декларацияны брокерлер толтыратын. Дайын құжатты Кеден басқармасына апарып, уақыттарын жоғалтып келген кәсіпкерлер салық жүйесіндегі жаңалыққа жоғары баға беріп отыр.

Жасұлан Ахмедьяров, «Тимирязев ұн үгу комбинаты» ЖШС директорының орынбасары:

- Бүгінде біз жаңа «Астана-1» жобасының мүмкіндіктерін сезініп отырмыз. Жалпы айтқанда, көп уақытымызды үнемдеп отырмыз. Енді құжатымызды рәсімдеу үшін кеденге барудың қажеті жоқ, брокерлердің қызметіне жүгінбейміз, қағаздарды көшіріп, тасымалдап отырмаймыз. Экспортпен айналысатын кәсіпорындар үшін өте тиімді болып отыр.

Кедендік жүйеге енгізілген жаңашылдық бүгін Үкімет үйінде де сөз болды. Электронды декларациялаудың тиімді тұстары мен түрлі проблемалар ортаға салынып, оны шешудің жолдары талқыланды.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

- Бұрын сыртқы экономикалық қызмет қатысушысы құжаттар пакетімен міндетті түрде алдымен брокерге барған. Одан кейін брокер декларациялармен кеден органдарына жүгінген. Тікелей кеден қызметкері қабылдайтын шешімін күткен болса, енді ол ешқайда бармастан интернет арқылы өзі дербес декларация бере алады. Және жүйе арқылы декларациясы шыққаны туралы хабарламаны алады.

Жыл басынан өндірістік өңір Павлодарда 770 кедендік декларация рәсімделген. Әсіресе, қаладан қашық орналасқан кәсіпорындардың жұмысы біраз жеңілдеген. Металлургиялық кәсіпорындардағы логистика мамандары «Астана-1» модуліне осындай баға берді.

Юлия Щепова, кедендік операциялар менеджері:

- «Астана-1» модулі өте қолайлы. Кез келген ақпарат, тауардың қалай өндірілгеніне дейін онлайн режимінде тіркеледі. Кеден басқармасына бармаймыз. Импорттық тауар қабылдау кезінде де бүкіл кедендік процесс автоматты түрде жүзеге асырылады. 

Қуаныш Шажамбаев, «Цесна-астық концерні» АҚ көлік логистикасы бойынша менеджері:

- Қазақстандық өзге кәсіпорындар үшін де бұл үлкен мүмкіндік деп ойлаймын. Өнімді шекара сыртына сатудың еш қиындық тудырмайтынын көрген ол экспортпен шұғылдана бастайды. Яғни, бұл өзге елдермен тауар айналымын арттырады.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында енгізілген жаңа жүйе құжаттау жұмыстарына кеден қызметкерлерінің қатысуын барынша азайтқан. Яғни, барлығы компьютердің көмегімен жүргізіледі. Мұның да экономикаға тигізер пайдасы бар.

Мұхтар Кенешов, Мемлекеттік кірістер департаменті Кедендік бақылау басқармасының басшысы:

- Адам факторы мүлдем жойылды. Кеден органдары белгілі бір құжаттарды сұрау үшін электронды пошта бар. Сол электронды поштамен сыртқы экономикалық қатысушылар жазу арқылы белгілі бір құжат ұсынады. Негізі, жемқорлықтың алдын алуға ықпал жасайды.

«Өнімді сыртқа сатып, елге инвестиция тарту саясатында электронды декларациялаудың тиімділігі мол». Жаңа жүйеге сала мамандары осындай баға берді.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу