«Серпін – 2050» мемлекеттік бағдарламасымен теріскейде білім алып жатқан студенттер осы өңірде қалуы тиіс. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов аудан әкімдері мен басқарма басшыларына осындай талап қойды. Сонымен қатар, жұптары жарасып, шаңырақ көтерген жас отбасылардың бесік тойына облыс әкімі баспана сыйға тартпақ.
«Серпін» жобасы бойынша оңтүстік өңірлерден келген студенттер облыстағы жоғары оқу орындары мен кәсіби-техникалық білім беру мекемелерінде 36 мамандық бойынша білім алуда. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ қабырғасында оқып жатқан 127-сі жас маман атанбақ.
Гүлайым Бекқұлова, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:
- Оқуды бітіргеннен кейін Қызылжар ауданы Кондратовка ауылында ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып мектепте жұмыс істемекшімін. Алдағы уақытта осы өңірде қалып, жұмыс істеп, тәжірибе деңгейін жоғарылатып, осында еңбек сіңіруге ниеттімін.
Оқу барысында жұптары жарасып, отау құрған студенттер де бар. Биылғы түлектердің арасында 14-і шаңырақ көтеріп, бала сүйіп отыр. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жас жанұялардың тұңғыштары дүниеге келгенде баспана тарту ететінін айтты.
Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
- Осы «Серпін» бағдарламасы арқылы оқып жатқан балалар осы жерде қалып, отбасын құрып, балалы болса, міндетті түрде үйлеріңізді өзіміз салып беретін боламыз, тегін. Жақсы ма, солай келісейік.
Нұрсалбек Оңғарбек, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:
- «Серпін» бағдарламасымен келіп, информатика мамандығын бітіргелі жатырмын. Осында жүріп, өзімнің өмірлік жолдасымды жолықтырып, үйлендім. Өмірлік жолдасым Қызылорданікі. Бізді Уәлиханов ауданында мектепке шақырып жатыр, сол жерде ниетіміз бар жұмыс істеуге.
Бүгінде аймақтағы білім беру ұйымдарында 442 жұмыс орны бос. Ол орындарға университеттің 175 түлегі келеді деп көзделген. Мамандардың айтуынша, «Серпін» бағдарламасы түлектерінің 67 пайызына қазірден жұмыс бар, алайда, өңір басшысы шілде айына дейін олардың барлығын 100 пайыз жұмыспен қамтуды тапсырды.
Самат САПАРАЛЫ