Кеше ғана ернеуінен асқан су республикалық маңызы бар «Челябі-Новосібір» тас жолын басып, көлік қозғалысы қиындаған еді. Бір тәулік ішінде тасыған су деңгейі тағы да 18 см-ге көтеріліп, жарты метрге жақындаған. Қазір тас жолда тәртіп сақшылары кезекшілік жүргізіп, жеңіл көліктерді кері қайтаруда. Алайда, қазірге жол талғамайтын және жүк транспорттары жүргізушілеріне шектеу қойылған жоқ. Қазір ағын су 100 метр жерге жайылып үлгерді.
Рүстем Жұмағалиев, СҚО ТЖД Бірыңғай диспетчерлік қызмет басқармасының басшысы:
- Қазір Есіл өзенінің ең жоғары деңгейі Новоникольск ауылы маңында, 1-2 күнде Петропавлға жетеді. Сондықтан, өзен деңгейі көтеріледі деп болжап отырмыз. Петропавл су қоймасынан тасыған су халықаралық маңызы бар «Челябі-Новосібір» жолының 528 шақырымына кедергі келтіруде. Заречный кентіне апарар жолға да су құйылуда, жақын күндері ондағы торап та жабылады. Қазір су көтерілген аумақтарда жергілікті полиция қызметі тәулік бойы кезекшілік атқаруда.
Самат САПАРАЛЫ