Елімізде тауарларды электронды декларациялау ісі ілгерілеп келеді. Бұл туралы Кедендік бақылауды ұйымдастыру басқармасының басшысы Қайрат Бөкішев айтты.
Оның сөзінше, Елбасының «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүйелі түрде іске асыруға кедендік бақылаушылар да ден қойып отыр. Осы заманға сай сандық технология кеденшілердің жұмысын едәуір жеңілдетіп, қызмет сапасын арттырды. Бүгін Біріккен Ұлттар Ұйымы Сауда және даму жөніндегі конференциясы «ASYCUDA» бағдарламасының жетекшісі Фабрис Мийе Алматы кедендік рәсімдеу орталығында болды. Фабрис Мийе «ЮНКТАД»-пен бірлесіп, тауарларды электронды декларациялаудың «Астана-1» ақпараттық жүйесінің жұмысымен танысты. Бұл жүйе әлемнің 95 елінде қолданылатын «ASYCUDA» бағдарламасының негізінде жасалған. Айта кетейік, былтыр қазан айында транзиттік жүктерді рәсімдеу электронды форматқа көшкен еді. 1-қаңтардан бастап экспорттық, ал 1-сәуірден импорттық тауарларды декларациялау электронды жүйеге ауысты. Мамандардың айтуынша, алғашқы нәтиже тәуір. Мәселен, мегаполисте жыл басынан бері 11 мыңнан астам электронды декларация рәсімделіп, кедендік төлемдер 12 пайызға артқан.
Қайрат Бөкішев, ҚР ҚМ МКК Кедендік бақылауды ұйымдастыру басқармасының басшысы:
- Сыртқы сауда айналымына қатысушы адамдар бұрынғыдай өздері келіп, қағаз жүзінде құжаттарын әкеліп рәсімдеу жасамайды. Енді әркім өзінің офисінде отырып, интернет арқылы электронды түрде осы бағдарлама бойынша кедендік рәсімдеу жасап, сол жерден автоматты түрде жүгін кедендік тазартудан өткізіп алады. Бұрын бір декларацияны рәсімдеу үшін 2,5,7 сағат кететін.
Фабрис Мийе, БҰҰ ЮНКТАД ASYCUDA бағдарламасының жетекшісі:
- Кез келген жаңа жоба кезең-кезеңімен енгізілетіні анық. Сондықтан, Қазақстанда әлі біраз жұмыс атқарамыз. Қазір біз кәсіпкерлердің қажеттіліктерін ескере отырып, осы жүйені барынша жетілдіруге тырысамыз.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ