Жезқазғандықтарға жер беріліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жезқазғандықтарға жер беріліп жатыр

27.04.2018

Қарағанды облысының Жезқазған қаласында кезегі жеткен тұрғындарға жер телімдері үлестіріліп жатыр. Мәселен, 2006 жылдан бері жезқазғандықтарға үй салу мақсатында жер телімдері берілмей келген. Тек былтырғы жылдан бастап жұрт жерге қол жеткізе бастады. Қазір кенді шаһардың Батыс аумағынан жылдап кезегін күткен азаматтарға инфрақұрылымы дайын жер телімдері үлестірілуде.

Қаланың 94-ші ықшам ауданындағы аумақ бос жатқан жапан дала болатын. Мінекей, соңғы екі жылда инженерлік инфрақұрылымы тартылып, тұрғындарға жер телімдері беріле бастады.

Көптен күткен жерге қол жеткізгендердің бірі Гүлзада Шомаева. Кезекте тұрғанына он жылдан асып кеткен. Отбасы үлкен. Үш бала тәрбиелеп отыр. Ата-енесімен бірге тұрады. Сол себепті, ерлі-зайыптылар жер алып, үй салуды армандайтын. Міне, бүгін мамандар оған тиесілі жерді көрсетті.

Гүлзада Шомаева, қала тұрғыны:

- 2006 жылы Жезқазған қаласының әкімдігіне жер алу үшін өтініш берген болатынбыз. Енді міне, биыл біздің отбасымызда үлкен қуаныш. Өз қалауымызбен осы жерге үй саламыз деп жоспарлап отырмыз.

Қаланың бұл аумағында қазір дәл осындай баспана салуға дайын 670 жер телімі бар. Олар 2006 жылдан бері кезекте тұрған азаматтарға үлестірілмек. Алайда, мұның өзі жеткіліксіз. Кезектегі жұрттың жалпы саны 2800-ден асады. «Ал, он жылдан бері шаруаның енді қолға алынған себебі бос жатқан аумақтарда инженерлік инфрақұрылымның ұзақ уақыт тартылмағанынан», - деп отыр мамандар.

Алиса Сағынбаева, Қалалық жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Дайын емес алаңдардан жер телімдерін беруге болмайды. Осы уақытқа дейін бізге республикалық бюджеттен 900 миллион теңгеден артық қаражат бөлінуі керек-тін. Сол қаражат 2014 жылдан бастап бөлінді. 2017 жылы алғашқы аумаққа инфрақұрылымдар салынып бітті.

Ал, жерге қол жеткізгендер 2 жыл ішінде баспанасын салып үлгеруі шарт. Оған дейін жер телімі уақытша жалға беріледі. Құрылыстың аяқталғаны жөнінде құжатты әкімдікке тапсырған соң ғана жер жекеменшікке өтеді. Жалпы, кезекті жылдамдату үшін Жезқазған қаласының Батыс аумағында тағы жер телімдері дайындалады. Қазір шаһардың бас жоспарына сәйкес, арнайы құжаттар рәсімделуде.

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу