Ақмола облысындағы Қошқарбай ауылының тұрғындары 11 баланы асырап алған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысындағы Қошқарбай ауылының тұрғындары 11 баланы асырап алған

01.05.2018

Ақмола облысы Зеренді ауданына қарасты Қошқарбай ауылының тұрғындары бір уақытта 11 баланы асырап алған. Балалардың біреуі – қазақ, оны – өзге ұлт өкілдері. Олар қазір қазақы ауылдың тұрмыс-тіршілігіне сіңісіп кеткен. Қазақша сөйлейді, қазақша білім алып жүр. Ұлттық салт-дәстүрлерімізді де жақсы біледі. Қазақстан халықтары бірлігі күні қарсаңында тілшіміз Ермек Елберген мейірім мен ынтымақты ту еткен қошқарбайлықтармен кездесіп келді.

Қошқарбай - шағын ғана ауыл. 40-тан астам түтіні бар. Кейінгі кездері оқушылар саны тым азайып кеткендіктен, жергілікті мектеп жабылуға шақ қалған. Алайда, мектеп ұжымы тығырықтан шығар шешім тапты. Сауапты істі ауыл тұрғындары да қолдай кетті. Бірнеше қошқарбайлық отбасы жетімдер үйінен бала асырап алды.

Евгений Шумков, оқушы:

- Бізге мұнда ұнайды. Біз балалармен достастық. Бір отбасы болып тату-тәтті тұрамыз. Сабақтар жақсы өтеді. Мұғалімдер де жақсы. Басқа уақытта мектепке келеміз. Іс-шараларға дайындаламыз.  Бір-бірімізге көмектесеміз. 

Балаларды 6 отбасы асырап алған. Ешкімді бөліп-жармайды, туғанындай көреді. Балалар да бауыр басып кеткен. Кейбірі тіпті өз қалауымен есімін өзгерткен. 

Әли Жамбай, оқушы:

- Ата-анам, аға-інілерім қазақ болғандықтан, мен де қазақ болғым келді. Сондықтан, мен әкеме мұсылман болып, сүндеттелгім келеді деп айтқанмын. Олар менің өтінішімді орындады. Қазақша ат тауып алайын дегем, сондықтан, маған Әли деген ат ұнап қалды. 

Жәнима Жұмабаева, Қошқарбай ауылының тұрғыны:

- Ол жай бір күндік нәрсе емес. Не болса да көрейік деп шештік. Құдайға шүкір, баламыз жаман емес, өзіміздің баламыз сияқты. Оңды, жақсы, тәртіпті. Өз балам сияқты.

Қазір мектепте 36 оқушы бар. Яғни, білім ордасы жабылмайтын болды. Ең бастысы-  жабырқаулы жәудіркөздер қамқорға алынып, мейірімге бөленді.

 

Ермек ЕЛБЕРГЕН

Хабарламаларға жазылу