ОҚО-да мақта егу науқаны аяқталуға жақын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ОҚО-да мақта егу науқаны аяқталуға жақын

02.05.2018

Оңтүстік Қазақстан облысының шаруалары енді бірер күнде мақта егу науқанын толығымен аяқтайды. Қазір олар 80 мың гектар жерге тұқым сеуіп үлгерді. Биылғы ерекшелік, жер жырту, тұқым себу, зиянкестерге қарсы күрес жұмыстары жаңа тиімді тәсілдермен жүргізілуде. Оның үстіне, жердің соры дер кезінде шайылып, егістік күзде жыртылған соң, шаруалар ширақ қимылдады. Агротехникалық шаралардың талапқа сай жүргізілуі, қара күзде мақтадан мол өнім алуға негіз болмақ.  

Мол өнім алу тұқымға байланысты. Қазыбек би ауылындағы өндірістік кооператив биыл 5400 гектар жерге мақтаның жоғары сорттарын екпек. Бұл аймақта тұқым шаруашылығы жұмысының  жанданғаны арқасында мүмкін болып отыр. Осы іспен қазір мақта ғылыми зерттеу институтынан бөлек, тағы 20-дан астам қожалық айналысады.

Мұрат Құрбанов, өндірістік кооператив төрағасы:

- 200 гектарға «Лодос» деген түрік шитін егеміз. Қалғанына 41/11 «Мақтарал» сортын егеміз. Олардың өнімділігі жоғары. Мысалы, Мақтарал сортынан 35-30 центнерге дейін өнім алуға болады. Ал, түрік шитінен 45-50-ге дейін жеткізуге болады.

Ауданда соңғы жылдары жерді терең қопсыту технологиясы көп қолданыла бастады. Жаңа әдіс бойынша тырманың тісі егістікті 60-70 сантиметр тереңдікке жыртады. «Бұл жер қыртысында жылдар бойы пайда болған шөгінді тұздар мен зиянды заттардың қабатын жойып, өсімдік тамырының еркін жайылуына мүмкіндік береді», - дейді шаруалар.  

Ербол Ералиев, агроном:

- Матаға ауыспалы егіс болмаса болмайды. 1-3-7 деген ауыспалы егіс түрі бар, біз соны пайдаланамыз. Технологиялар өзгеріп жатыр. Терең қопсыту, жерді аудармай егу, барлық нәрсе ретімен атқарылуы керек.

Егістік алқаптарды тұзданудан сақтап, топырақ құнарын арттыру үшін аймақта жерасты суын төмендететін ұңғымалар қалпына келтірілуде. Кезінде мұндай қондырғының 731-і жұмыс істеп тұрған. Соның жартысына жуығы жөнделіп, қайта іске қосылды.

Жамантай Бейсенбаев, Мақтарал ауданының әкімі:

- Соңғы 2-3 жыл көлемінде 25-40 центнерден жоғары өнім алып жатыр.

Зиянкестерге қарсы күреске шаруалар қазірден қам жасауда. Өйткені, былтыр құрт-құмырсқалар мақта көсегін көктей солдырып, біраз шығынға батырған еді. Биыл зиянкестерге қарсы биолгоиялық тәсіл барынша пайдаланылмақ. Сонымен қатар, химиялық дәрі-дәрмек жеткізіп беретін компаниялармен қазірден келісім жасалды. 

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу