Астанада жалғыз баспанасын сатып, шоколад шеберханасын ашқан ерекше жан тұрады. Алтынай Рысқұлова сирек кәсібіне бір жыл бұрын кіріскен. Оған қос ұлы қолғабыс етеді. Сөйтіп, отбасылық кәсіпті өркендетіп отыр.
Алтынай Рысқұлова, шоколад шеберханасының директоры:
-Тәуекелге бел буып, пәтерді сатып, шеберхана аштық. Халықаралық шоколад академиясынан сабақ алдым. Ұстазым атақты француз аспазы - Уилл Хофо. Нағыз шоколадқа әуес болдым. Еуропаға барып, қолдан жасалған тәттілерді көрдім. Париж, Брюссельден қап-қап кәмпиттер әкелетінмін. Қызыққаным соншалық, кейін өзім де Еуропадағыдай шеберхана ашып, шоколатье боламын деп шештім.
Бұл - отбасылық кәсіп. Алтынайға үш ұлы көмектеседі. Үлкені Темірлан - кәсіби шоколатье. Ең алғаш телешоудан 1 күнде пісіретін тамақты 1 сағаттың ішінде жасаған шеберлерді көріп, аспаз болуды армандаған. Шетелде тәжірибеден өткен ол бізге шоколадтың қалай жасалатынын көрсетті.
Темірлан Күзенбаев, шоколад шеберханасының какао-шефі:
-Температура 45 градус болуы керек. Содан кейін шоколадты мәрмәр тақтайға құямыз. Тегістеп жаямыз. Қоспада түйіршік не басқа да бөгде заттар болмас үшін оның біркелкілігін тексереміз. Бұл шығармашылық жұмыс. Жанымыздың бір бөлшегі деуге болады. Шикізат Бельгиядан әкелінеді.
Бұдан соң шоколад қалыпқа құйылады. Өнімнің дайын болуына 2 күн кетеді. Салқындатылуы, кристалдануы қатаң қадағаланады. Бірнеше сағаттан кейін қалыптан алынып, әдемі қорапқа салынады. Апельсин шырыны, корица, жеміс-жидек қосылған шоколадтардың бағасы салмағына қарай қойылады.
Ардақ Мұратқызы, тілші:
-Мұндағы шоколадтардың түр-түрінен көз сүрінеді. Олар әртүрлі пішінде болып келеді. Қазір біз ең кішкене шоколад пен ең үлкенін салмағы бойынша өлшеп көрейік. Мінекей, түймедейі бар болғаны – 5 грамм. Ал, мына туфли пішінді шоколад - 150 грамм. Мұндай пішіндерді тіпті жеуге де көзің қимайды.
Ғалымдар шоколадтың қан айналымына, жүректің қалыпты жұмыс істеуіне пайдалы екенін айтады. Қартаюдың алдын алып, көңіл күйді көтереді. Тәттінің бұл қасиетін білетін Алтынай әрі қарай да кәсібін кеңейткісі келеді. «Алматыдан шеберхана ашсам»,- дейді. Айтпақшы, бұл туындылар 5-7-ші мамырда өтетін отандық тауар өндірушілердің көрмесінде қойылады.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ
«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.