Ертең атап өтілетін 9 мамыр Жеңіс мерекесіне орай бүгін ел жастары өз еріктерімен республика бойынша сенбілік ұйымдастырып, соғыс ардагерлерінің атына берілген көшелерді қоқыстан тазартты. Сондай-ақ, батыр бабалардың ескерткіштерін жарқыратып, гүл шоқтарын қойды. Игі іс «Қаһармандар даңғылы» акциясы аясында жылдың соңына дейін жалғасады.
Ардагерлерді ардақтау Ақтөбеден басталды. Қалада батырлардың есімімен аталатын 25 көше бар. Сенбілік алдымен осы көшелерде ұйымдастырылды. Оған 150-ге жуық «жасотандық» қатысты. Олар жол жиегін сыпырып, қыстан қалған қоқыстарды шығарды
Асылжан Бүркіталин, «Жас Отан» жастар қанаты Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы:
- Облыста қазір 63 ардагеріміз қалды. Соның 55-і қалада. Соның барлығына «жасотандықтар» көмек қолын созып отырады. Біз мұны өзімізге міндет санамаймыз.
Павлодарлық жастар болса, майдангерлердің үйіне арнайы барып, гүл шоқтарын сыйлады. Алдымен 97 жастағы соғыс ардагері Самат Мавликиевті құттықтады. Беларусь фронтында соғысқан ол жастарға бейбіт өмірдің қадірін түсіндіріп, батасын берді. Облыс жастары үш күннің ішінде үш мың раушан гүлін таратпақ.
Самат Мавликиев, соғыс ардагері:
- Соғыс деген зұлматты бастан кешірдік. Қаншама қатарлас жауынгер көз алдымда мерт болды. Бүгінгі ұрпақ бақытты. Елімізде соғыс ешқашан болмасын. Қазіргі жастар ондайды көрмесін деп тілеймін.
Астаналық жастар таң атысымен Кеңес одағының батыры Әлия Молдағұлованың ескерткішіне гүл дестелерін қойып, маңайына тазалық жұмыстарын жүргізді. «Шара шеңберінде сенбіліктен бөлек, ортамызда аман жүрген әр ардагерге көмекші боламыз» - дейді, ұйымдастырушылар.
Дәулет Кәрібек, «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы:
- Бір ардагердің үйіне екі ерікті жұмылдырылған. Олар апта сайын ардагердің үйін барып тазалап тұрады. Суларын тасып береді және үйлерін әрлендірумен айналысады.
Сәуірдің 22-сі күні бастау алған «Қаһармандар даңғылы» акциясы жыл соңына дейін жалғасады. Акция басталған екі аптаның ішінде ел жастары жүзге жуық көшет отырғызып, көзі тірі отыздан астам ардагерге көмектерін көрсетті. Шарапаты мол шараға жалпы саны 1500 жас жұмылдырылады.
Досымжан ЕРМҰРАТ
«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.