«Жас ұлан» - жас офицерлер ордасы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Жас ұлан» - жас офицерлер ордасы

08.05.2018

Еліміздегі болашақ офицерлер мен әскери қызметшілерді жастайынан дайындайтын оқу орындарының бірі - Алматыдағы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жас Ұлан» мектебі. 1983 жылы ашылған оқу орнын бүгінде бүкіл Қазақстан біледі. 35 жылдық тарихы бар қара шаңырақта осы уақытқа дейін 5 мыңнан астам түлек білім алған. Жыл сайын 400-ге жуық жеткіншекті Отан қорғау ісіне кәсіби даярлайтын оқу орны жайлы Амангелді Сейітханның материалы.

«Жас ұлан» мектебі өзін әскери салада көргісі келетін жалынды жастарды қиын салаға қаршадайынан баулиды. Мұнда білімнен бұрын темірдей тәртіп бірінші орында тұрады. Жас офицерлердің ойы сергек болуы үшін әр таң күнделікті спорттық жаттығумен басталады.

Рүстем Жәдігер, мектеп тәрбиленушісі:

- Осы мектепке өз арманыммен келдім. Жас кезімнен бастап өз-өзімді әскери адам ретінде көрдім. Осы мектептен кейін әскери институтына түсу арманым бар және Қазақстан Республикасына нағыз патриот болып қызмет ету.

Бұл мектептің басқа білім ошақтарынан басты айырмашылығы әскери пәндерді тереңдетіп оқытуы. Ал, соңғы жылдары шәкірттер шет тілдерін де үйреніп жүр. Өйткені, түлектер қай салаға барса да, олардың жан-жақты білімді болғаны маңызды. Сондықтан, мұнда болашақ офицерлер қарулы күштеріміздегі барлық техниканың қыр-сырына қанығып өседі. Қолмен ұстап, қолданып көреді.

Назарбек Өтеген, мектеп тәрбиленушісі:

- Бұл мектептің бізге берері өте көп. Біліммен қатар әскери әдіс-тәсілдерді де жетік меңгереміз. «Жас ұлан» мектебінде күнделікті спортқа және де өнерді де қатар алып жүреміз. «Жас ұлан» мектебінде көптеген үйірмелер бар. Сондай-ақ, спорттық базаларымыз өте жақсы дамыған.

Әскери пәндермен қоса, күшейтілген дене шынықтыруға ерекше көңіл бөлетін оқу орнының жетістіктері де аз емес. Мәселен, мектеп шәкірттері былтыр Қарағандыда өткен «Айбын» республикалық әскери жарысында 1-орынды жеңіп алған. Сондай-ақ, олар халықаралық сындарда да жеңіс тұғырынан көрініп жүр.

Манат Батырбаев, Б. Момышұлы атындағы «Жас ұлан» мектебінің директоры:

- Тәуелсіз Қазақстанымызды шынайы сүйетін, туған еліне адал қызмет ететін азаматтарды тәрбиелеудеміз. Біз оларды әскери бағытқа ғана емес, жан-жақты білім беруге бейімдейміз.

«Жас ұлан» мектебінде қазір 315 болашақ офицер білім алып жатыр. Ал, биыл солардың 150-ден астамы оқуын тәмамдап, үлкен өмірге аяқ баспақ. Мамандардың айтуынша, әскери білімге құштар жастардың саны күннен күнге артып келеді.

 

Амангелді СЕЙІТХАН

Хабарламаларға жазылу