Оралда Жеңіс күніне арналған мерекелік іс-шаралар қазақтың батыр қыздары, Мәншүк, Әлия, Хиуаздың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Жиналғандар олардың ерліккке толы өмірінен естеліктер айтып, рухына тағзым етті. Отты жылдары облыстан 76 мың адам Отан қорғауға аттанса, қан майданнан олардың тең жартысы ғана оралды. Жеңістің 73 жылдығын өңірде 108 ардагер қарсы алып отыр. Олардың бірқатарын облыс әкімі қабылдап, ақжарма тілегін жеткізді. Мерекелік сыйлықтар табыс етті. Ентелеген жаумен жан аямай айқасқандардың бірі Қайыржан Байменов. Абыз қария Мәншүк Мәметовамен кездескен сәтін ерекше толқыныспен еске алды.
Қайыржан Байменов, соғыс ардагері:
- Прибалтика фронтында Мәншүк Мәметовамен кездестім. Қазақ екенсің ғой деп, өзі келіп сәлемдесті. Мен жалғыз болдым, ол пулемет құрастырып отыр екен. Орал облысы дегенде, бірге туғандай болдық қой деп қуанып қалды. Содан кейін оны көрмедім.
Назерке ТОҚЖАН