Америкалық Джордан Турман Алматыда этноауыл бизнесін қолға алмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Америкалық Джордан Турман Алматыда этноауыл бизнесін қолға алмақ

10.05.2018

Америка, Ресей, Қырғыз елі, Өзбекстан, Тәжікстан сынды бірнеше мемлекеттен туристер келген ауқымды шарада қазақ жылқышыларының көктемгі рәсімдері көрсетіліп, ұлттық спорттық және сауықтық ойындар ұйымдастырылды. Ал, ЮНЕСКО өкілдері болса, қазақтың тұрмыс-салты мен дәстүрі дәріптелген фестивальде халықаралық ұйымның тізіміне енгізілуі тиіс рухани қазынамызды түгендеді.

 Руслан Нұрланұлы, тілші:

-Қазақ жаз жайлы, көнек майлы болсын деп ырымдап, көкмайса кезінде желідегі жылқының желініне арнайы май жаққан. Жалпы, этнофестиваль аясында осындай материалдық емес құндылықтарымыз кеңінен насихатталды.

Ауылдағы епті келіннің бірі - Анар Қаражорғина. Этнофестиваль аясында ол да жылқыларын желіге байлап, желінін майлады. Күншуақта биелерді сағат сайын сауып, сүтін қымыз етіп ашыту оңай емес. Көнек толы саумалды өзі баптап, тобылғымен ыстаған күбіге толтыра құйып, күнұзақ піседі.

Анар Қаражорғина, ауыл тұрғыны:

-Бір сағат сайын биені сауатын уақыты болады. Сауып, саумалды күбіге құйып, мыңға дейін пісемін. Неғұрлым көбірек пісілген қымыз дәмді болады.

Осындай бабы келіскен бал татыған мамыр қымызын ішіп, мейірі қанған жұрттың арасында америкалық Джордан Турман да бар. Қазақстанға көшіп келгеніне бір жылдан асқан. Қазақшасы судай. Ол келешекте Алматыда этноауыл бизнесін қолға алмақ. Сол үшін қазақ жылқышыларының дәстүрімен жақынырақ танысуға Ұлытаудағы шараға арнайы келіпті.

Джордан Турман, турист:

-Менің қазіргі есімім Жорабек. Мен Техастан келдім. Былтыр жұбайыммен Алматыға көштік. Осы жиын өте жақсы өтіп жатыр. Қазақтар өте қонақжай. Табиғаты таза.

Ұлытау ауданының Терісаққан ауылындағы дәстүрлі шара бүгінде ауқымды фестивальге айналған. Соның негізінде «бие байлау», «асау үйрету», «қымыз баптау», «қымызмұрындық», «айғыр қосу»  сынды қазақ жылқышыларының дәстүрлі рәсімдері кеңінен насихатталып келеді. 2017 жылы бұл мәдени құндылықтарды ЮНЕСКО жанындағы арнайы тізімге енгізу жұмыстары басталды. Халықаралық ұйым өкілдері осымен үшінші жыл қатарынан фестивальге қатысып, бұған түбегейлі көз жеткізіп отыр.

Оразәлі Тошмұратов, Өзбекстан Дәулет және мәдениет институтының профессоры, ЮНЕСКО өкілі:

-Қазақстан материалдық емес, мәдени құндылықтарды ЮНЕСКО жанындағы арнайы тізімге енгізу үшін бізден кейін кіріссе де, бүгінде жетістіктері керемет. Мысалы, Сіздердің елден 8 материалдық емес мәдени құндылық тізімге енген. Ал, Өзбекстанда бұл әзірге алтау.

Этнофестивальде қазақ қолөнершілері мен ұсталарының еңбектері де көрсетілді.  Көкмайса тойы қашан да ойын-сауыққа толы. Бұл күні «қатын күрес» өткізіліп, ең мықты, ең қарулы әйелдер анықталды. Табақ-табақ ет жеп, сапар кесемен сіміре қымыз ішкен «мешкейлер» сайысы да жұрттың таңдайын қақтырды. 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу