Бейжіңнің «Чаоян» орталық саябағындағы «Цзиньтай» музейінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Абай оқулары» өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мәдени шара танымал қытайлық мүсінші Юань Сикун жасаған Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Айта кетерлігі, бұл ескерткіш 2014 жылдың 19 мамырында Қытайдағы Қазақстан елшілігінің бастамасымен бой көтерген.
«Абай оқуларын» Қытайдағы Тәжікстан елшісі Парвиз Давлатзода, Армения елшісі Сергей Манасарян, ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары Сабыр Имандосов, «Цзиньтай» музейінің директоры Жо Хуа, дипломаттар, Қазақстан мен Қытай студенттері және қазақ диаспорасының өкілдері тыңдады.
Салтанатты шараның ашылу рәсімінде Қытайдағы Қазақстан елшісі Шахрат Нұрышев Абай Құнанбайұлының шығармашылығына тоқталып, оның қазақ философиясы мен әдеби тілінің қалыптасуына қосқан үлесін сөз етті.
«Бүгінгі шара Қазақстан Тәуелсіздігінің және Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығына арналды», - деді елші.