Күн жылынған кезде елімізде балалардың терезеден құлау оқиғалары жиілеп кетеді. Биыл да осындай қайғылы жағдай жылдағыдай қайталанып тұр. Екі күн ішінде қос бірдей қалада бүлдіршіндер биіктен құлады. Астанадағы оқыс оқиғадан 3 жасар бала көз жұмса, Таразда 2 жасар балақай ауыр халде ауруханада жатыр. Құтқарушылар мұндай төтенше жағдайлар жыл сайын көбеймесе, азаймай отырғанын айтып дабыл қағуда.
«Рахат» тұрғын үй кешені кішкентай тұрғындар үшін рахат болмай тұр. Кешелібері тұрғындар 16-шы қабаттан құлаған бүлдіршіннің жайын айтып, қабырғалары қайысып отыр. Куәгерлердің сөзінше, 3 жастағы бала көпқабатты үйдің сыртқы балконына жалғыз өзі шығып кеткен. Тұрғындардың бірі бүлдіршіннің қараусыз қалғанына өкінсе, енді бірі бұл оқыс оқиғаға құрылысшыларды кінәлап отыр. Өйткені, бүлдіршін балкондағы тордың арасынан құлап кеткен көрінеді.
Ал, Таразда екі жасар қыз бала қос қабатты жер үйдің терезесінен құлап кеткен. Бүлдіршін екінші қабаттан құлағанымен, халі ауыр. Ашық бас-ми жарақатын алған. Қазір облыстық Балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Сәби дәрігерлердің жіті бақылауында.
Азат Бекенұлы, облыстық Балалар ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары:
- Баланың ақыл-есі медикаментті ұйқыда. Жағдайы ауыр кезде ешқандай ота жасау жоспарланбаған.
Өкінішке қарай, елімізде балалар жарақаттың көбін дәл осы терезеден құлап алады екен. Қазақстан бойынша былтыр 80-нен астам бала құласа, биыл бір Астананың өзінде 5 айда 5 бүлдіршін осындай оқиғаға тап болды. Құтқарушылар бұған көбіне балалардың қараусыз қалуы себеп екенін айтып отыр.
Еркін Отарғалымұлы, қалалық ТЖД бөлім бастығы:
-Сол себепті, ата-аналарға беретін кеңесіміз, балаларды үйде жалғыз қалдырмаңыздар. Сонымен қатар, бұл қауіпке көбінесе 3 пен 7 жас аралығындағы балалар тәуелді болып келеді. Себебі, кішкентай бала қауіптілік деңгейін дұрыс бағалай алмайды.
Бар ойы далада болған баланың сақтығын әлбетте ата-анасы ескеруі тиіс. Қайғылы оқиғаны болдырмау үшін терезе шығаратын кәсіпорындар басты қауіпсіздік құралдары туралы тағы бір мәрте еске салып отыр.
Оксана Шу, компания менеджері:
- Балалардың қауіпсіздігі үшін беретін басты кеңесіміз – терезеге тор орнату. Сондай-ақ, терезенің тұтқасына кілт немесе терезенің соңына дейін ашылуын тежейтін құлып не арнайы құрылым орнатуға болады. Бұлардың бәрі терезелерді ересектер ғана ашып-жаба алуына мүмкіндік береді.
Балалар қауіпсіздігінің «құны» 3 мыңнан басталып 12 мың теңгеге дейін жетеді. Бірақ, сақтық шараларын көпшілік елемейтін сыңайлы. Өйткені, мұндай оқиға өз басына келетінін ойлай бермейді. Сенгісі келмейді.
Альбина Әшім, тілші:
- Балалардың терезеден құлау жағдайларын болдырмау үшін тағы бір амал бар. Халықтың басым бөлігі «мемлекет тарапынан терезе шығаратын компанияларға бір ортақ талап қойылса», - дейді. Мәселен, қазіргі пластикалық терезелерді байқасаңыз, ол тұтастай ашылады. Ал, ескі терезелерде олардың үстіңгі жағы ғана ашылады. Яғни, баланың қолы жетпейді. Сондықтан, қазіргі терезелерді де осындай үлгіде жаса деген ұсыныс бар.
Альбина ӘШІМ
«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.