Қызылорда облысында ет өндірісі 2,7 есеге артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында ет өндірісі 2,7 есеге артты

15.05.2018

Аймақта  жылына 23 мың ірі қара бордақыланады. Өнімділікті арттыру үшін шаруалар жергілікті климатқа тез бейімделетін малдың түрін көбейтуде. Сыр өңірінде өткен малшылар слетіне жиналған мамандар шаруашылықты  дамытып, сапалы өнім алудың жолдарын талқылады.

Ақерке Берікбекқызы, тілші:

- Бұл Авердинаннгус сиыры. Ет бағытында көбейтіліп жатыр. Ұрғашысы 500 келі ет берсе, бұқадан 600 келіге дейін ет алуға болады. Буферлік аймақтан шыққан сыр өңірі үшін ет өндірісін арттыру маңызды.

Ал, мынау қалмақ тұқымдас, етті ірі қара. Елімізде  санаулы.  Сырбойылық шаруалар жойылып бара жатқан асыл тұқымды түлікті көбейтіп, табыс көзіне айналдырған. Қазақтың ақбас сиыры да шетелдің асыл тұқымды малынан еш кем емес.

Болат Бөгетов,  шаруа қожалығының төрағасы:

-125 аналық, 5 бас бұқа алып келдім, қазір соны асылдандырумен айналысып жатырмын.  Бізге жұмыс істеуге көңіл бөліп, көмек көрсетіліп отыр. Қазір 127 бас аналық әкелгенім үшін 19 миллион теңге мен  Үкіметтен   субсидия алдым.

Ақбас сиыр күніне бір келіден артық салмақ қосады. Тағы бір ерекшелігі-еліміздің табиғатына бейімделген, суыққа төзімді. 

Бақыт Жақанов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Ет түрінде өткізу бізге көбірек пайда әкеледі. Сол себепті, биыл тамыз айында Қызылорда қаласында халықаралық стандарттарға сәйкес келетін ет комбинаты салынатын болады. Ет комбинаты арқылы Иранға тікелей ет апаруға, Ресейге ет жеткізуге, Қытайға ет жіберуге толық мүмкіндік бар.

Қытайлар айына 10 мың қой алуға ниетті.  Оны  қамтамасыз етуге  Сыр елі қауқарлы.  Былтыр  2300  тірі қозыны Иран, Монғолия, Біріккен Араб Әмірлігіне экспорттады.  Сондай-ақ, өңірде жойылып бара жатқан қаракөл қойын көбейтуге ден қойылды.  Бір қой 50 келі ет береді. Терісі мен жүні де кәдеге асады.

Хисматулла Үкібаев, академик:

- Бізде қаракөл қойы азайып қалды. 6 миллион 500 мыңның орнына қазір 100 мыңға жетер жетпес қой қалып тұр. Неше түрлі түстерін әкеліп, жұмысты бастадым.

Облыста төрт түлікті түлетуге мүмкіндік көп. Тек жерді тиімді пайдалану керек. 11 миллион гектар жайылым жер бар, ол жерасты суымен қамтамасыз етілген. Бірақ,  осы суы мол, шөбі шүйгін жердің  24 пайызы ғана игерілген. 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу