Бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім-кешекті қоғамдық орындарда киіп жүруге тыйым салынуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім-кешекті қоғамдық орындарда киіп жүруге тыйым салынуы мүмкін

16.05.2018

Елімізде бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім-кешекті қоғамдық орындарда киіп жүруге тыйым салынуы мүмкін. Бүгін Мәжілісте тиісті заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Адасқандарды тура жолға салып, бейберекетсіздікке жол бермеуді көздеген құжатқа 53 түзету енгізілмек. Сонымен қатар, елімізде дәрі-дәрмек бағасы реттеледі. Арнайы заң қаралды.

«Дәрі-дәрмек заттарының айналымы маңызды әлеуметтік сипатқа ие. Салада бағаның шарықтауына тосқауыл қоятын шаралар қажет, сондықтан, дәрілік және медициналық заттардың айналымын реттеу керек болып тұр. Қазақстандықтар қолжетімді, сапалы әрі қауіпсіз дәрі-дәрмекті алу құқығына ие».

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті

Депутаттар дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы мәселелеріне қатысты заң жобасын бірінші оқылымда қарады. Мәжіліс төрағасы бұл құжат қазақстандықтарды қолжетімді бағамен және сапалы, тиімді, қауіпсіз дәрілермен қамтамасыз етуге бағытталғанын айтып, бұл заң жобасының әлеуметтік маңызы өте зор екеніне тоқталды. «Дәрілер бағасын заң деңгейінде реттеу - Елбасымыздың тікелей тапсырмасы», - деді Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин. 

Қазір дистрибьюторлар, дәріхана иелері дәрі бағасын өздігінен қояды. Енді дәрі-дәрмектің үстіне қосылатын үстемақы көлемін ең көп дегенде 40 пайызға, бөлшек саудада 50 пайыздан асырмау ұсынылып отыр. Ал, қымбат дәрілерге 10 пайыз үстемақы қосылады. Бұл шектеулер келер жылдың 1 қаңтарынан бастап енеді деген жоспар бар.

Мемлекет қауіпсіздігі мен тұрақтылығын сақтау үшін не қажет? Әрине, ең алдымен дін саласындағы заңнаманы жетілдіру өзекті. Төменгі палатаның жалпы отырысында  тиісті құжат қаралып, бірінші оқылымда мақұлданды. Енді миссионерлер тіркелу үшін діни білімінің бар екенін растайтын құжатты ұсынуы тиіс. 16 жасқа толмағандар мешітке тек ата-анасымен бірге немесе жазбаша рұқсатымен ғана кіре алады. Сондай-ақ, бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім-кешекті қоғамдық орындарда киіп жүруге болмайды. Егер де заңды бұзсаңыз, бірінші рет ескерту аласыз, екінші рет 120250 теңге айыппұл төлейсіз. Аталмыш норманы қабылдау әйелдердің дінді ұстану немесе ұстанбау құқығын шектемейді. Мұндай тәжірибе Бельгия, Болгария сияқты елдерде бар. Сондай- ақ, статистикаға сүйенсек, соңғы 10 жылда елімізде 30 мыңнан астам заңсыз неке қиылған. Құжатқа сәйкес, некені қию немесе тоқтату бойынша діни жоралар мен рәсімдерді ғибадат ғимаратынан тыс жерлерде жүргізуге рұқсат жоқ.

Жобаға сәйкес, Қазақстан азаматтарының шет мемлекеттерде діни білім алуына елімізде жоғарғы діни білім алғаннан кейін ғана жол берілетіні туралы норма енгізіледі. 3-бапта деструктивті діни ағымдарға қатыстылығын көрсететін сыртқы атрибуттарды, киім-кешекті қоғамдық орындарда пайдалану, кию және таратуға жол берілмейді делінген.

Жалпы, отырыста қаралған тағы бір құжат әлеуметтік қызметтерге қатысты.  Биыл 1 шілдеден бастап кәмелеттік жастан асқан I топтағы мүгедектерді қараушыларға ай сайын шамамен 30 мың теңге төлеу көзделіп отыр. Атаулы көмекті еліміз бойынша 14 мыңға жуық отбасы алатын болады. Ол үшін бюджеттен 2,7 млрд. теңге қарастырылған. Бүгін қаралған барлық құжаттар ел игілігі мен әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталып отыр.

Индира БЕГАЙДАР

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу