Ішкі істер министрі түрлі ерлік жасаған батыр балаларды марапаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ішкі істер министрі түрлі ерлік жасаған батыр балаларды марапаттады

16.05.2018

Бүгін Астанада «Төтенше жағдайдағы ерлігі» үшін медалі 20 балаға табысталды. Олар еліміздің бірнеше облысынан келген. Бала батырларды Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов қарсы алып, салтанатты түрде марапаттады.

Батырлық бармақтай баладан да шығады. Тек жақыныңа деген жанашырлық керек. 8 жастағы Ұлдана іні-сіңлілерін өрттің өтінен аман алып шыққан. Түтін мен от шалған үйде қорықпай, асып-саспай, әуелі 4-тегі інісін, одан соң 7-дегі сіңілісін, ең соңында екідегі тағы бір бауырын құтқарған. Өзінің шашы мен қолы күйсе де, қаршадай қыз апалық сезімінің арқасында барлығын аман алып қалды. 

Ердәулет пен Ардақ өзен жағасында балық аулап жүрген. Кенет көпірден шамамен 4-5 жастағы баланың құлағанын көреді. Қуатты ағыс балғынды қаңбақтай сүйретіп барады. Қос батыр тежеліп қалмады, суға секірді. Нәтижесінде, бір тағдыр асау толқынның  арынынан аман қалды.

 Ердәулет Келгенбаев, мектеп оқушысы:

- Ағыс қатты болды. Су тасып жатқан кез болған. Адасып кеткен екен. Үйін тауып, апарып тастадық.

Қауіп – от пен суда ғана емес. Қатер қашан да қасымызда. Тек, сондай айуандық пен қамқорлық, өлім мен өмір арпалысқан сәтте маңайдан жүректі жандар табылса игі. Мәселен, осыдан 3 жыл бұрын Қуаныш атты кішкентай батыр үлкен өкініштің алдын алды.

Қуаныш Мейрамбекұлы,  мектеп оқушысы:

- Мен футбол ойнауға шыққанда бір қыздың айқайлағанын естідім. Жалаңаш ер адам бір қыз баланың шашын ұстап бара жатқанын көрдім. Екеуінің қолын жұлып, полиция шақырдым.

Осыдан кейін 40 жастағы қылмыскер 15 жылға сотталыпты. Міне, осындай түрлі ерлік жасаған 20 бала бүгін Астанада жиналды. Олардың әрқайсысы батырлықтың айқын үлгісі. Демек, олар сый-құрмет пен марапатқа лайық.

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:

- Батырлық Отанға деген махаббаттан, адамға деген құрметтен туады. Оған жарқын дәлел - біздің батыр балалар. Қиын сәтте қылмыстың алдын алу, адамның өмірін сақтап қалу оңай емес. Сендер осындай батыл қадамға бардыңдар.

Бүгінгі қоғамда қиындыққа тап болған адамға қолұшын созбай, айналып өтетіндер аз емес. Еңгезердей ересектердің өзі ұсақ ерлікке де бара алмай жатады. Талайдан табылмаған сол батырлық мына 20 баланың бойында бар. Ерлік – жас таңдамайды.

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

 

 

Хабарламаларға жазылу