Қарағанды облысында жас мамандар баспаналы болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында жас мамандар баспаналы болды

18.05.2018

Қарағанды облысының Балқаш қаласында дәрігер тапшы. Сондықтан, шағын қалада еңбек жолын бастауға келген жастарды әлеуметтік жағынан қолдауға басымдық берілмек. Мәселен, мұндағы орталық ауруханада реаниматолог, балалар дәрігері, акушер-гинеколог сынды мамандар жетіспейді. 

Айгүл Бекқазинова Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің түлегі. Балқаш қалалық орталық ауруханасына келген жас маманға бірден қызметтік пәтер берілген.  Бұған қоса көтерме қаражат та бөлініпті. Өзі неонатолог-маман болып қызмет етіп жүр.

Айгүл Бекқазинова, неонатолог:

- Пәтер берді. Ол біз үшін үлкен көмек. Себебі, біз пәтер үшін төлемейміз. Коммуналдық өтемдерді ғана төлеп тұрып жатырмыз. Жұмысым өте ұнайды.

Былтыр жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылып, Балқаш қалалық орталық ауруханасына келген 18 маманға қызметтік пәтерлер берілді. Сондай-ақ, олардың әрқайсысына 300 мың теңгеден көтерме қаражат бөлініпті. «Осындай игілікті жұмыстар әрі қарай жалғасады»,-дейді мекеме басшылары.

Қайрат Бижанов, Балқаш қалалық орталық ауруханасы директорының орынбасары:

- Келешекте медициналық колледждің жатақханасына күрделі жөндеу өткізіліп, содан пәтерлер беріледі. Келген жас мамандардың барлығы үйсіз қалмайды.

Бұған қоса, қаладағы медициналық мекемелер еліміздің түкпір-түкпірінде өтетін бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріне белсенді түрде  өз ұсыныстарымен қатысып отырады. Сондай-ақ, жас мамандардың біліктілігін арттыруға, арнайы оқу курстарынан өткізуге де баса мән беріледі.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу