Елдегі банктер саны азаяды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елдегі банктер саны азаяды

17.04.2014
Елдегі банктер саны азаяды
2020 жылға дейін елдегі банктер саны екі есеге қысқартылады. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз жиынында бас банкир Қайрат Келімбетов мәлімдеді.
 
Оның айтуынша, 2020 жылы елімізде ірі қаржы корпорациясының филиалдары жұмыс істейтін болады. Қазір елімізде 38 банк бар. Олардың көбісінің капиталы аз. Бұл банктер күні ертең бәсекеге төтеп бере алмайды.
 
Сондықтан бес жылдық межеде банктерге жаппай жаңа талаптар қойылады. Бастысы банктердің ең төменгі капиталы 100 миллиард теңгені құрауы керек. Салмақты талаптарға жауап берген 15-20 банк әрі қарай жұмысын жалғастырады.
 
«Бұл дегеніңіз бәсекеге қабілетсіз банктерді жабу емес, керісінше, олардың бәсекелестікке қабілетілігін арттыруға ұмтылып отырғанымызды көрсетеді», деді бас банкир.
 
Қайрат Келімбетов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:  
Бірнеше банктердің басын біріктіру процесі жыл соңына дейін жалғасады. Қазір бір инвесторға тиесілі «Темірбанк», «Альянс банк» және «Forte банк» капиталын біріктіруде. Біз елдегі ірілі-ұсақты банктердің басын біріктіру арқылы капиталды қомақты етеміз. Бәсекелестікті нығайтып, өзге елдің банктерімен қарым-қатынасты күшейтеміз.
 
 
Айгүл ЕРМАХАН

Хабарламаларға жазылу