Дала өртіне қарсы дәрменсіздік бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дала өртіне қарсы дәрменсіздік бар

22.05.2018

Күн қызып жер кепкеннен соң дала өрті басталды. Күні кеше Семей маңындағы орман отқа оранды. Еліміздің әр аймағында тілсіз жаудан келер қауіп күшейіп тұр. Бүгін Үкіметтің селекторлық отырысында осы мәселе кеңінен талқыланды. Өртке қарсы техникалық жарақтану бойынша оң өзгеріс бар. Жылдан-жылға әлеуеті артып келеді. Бірақ, бұл баяу процесте болғандықтан мәселе түбегейлі шешілмей тұр. Тіпті, кейбір облыстарда тексеру кезінде өрт сөндірушілердің арнайы киімдері де жоқ болып шықты. Ал, «Ақша керек, ақша жетпейді» деп алақан жая беретін әкімдерге Премьер-Министр өз кеңесін берді.

Тағы да Шығыс Қазақстан облысы. Ерте көктемде еріген сумен әбігерге түссе, енді міне, жер кепкен соң қызыл оттың әлегі басталды. Жалпы, барлық аймақта жер құрғады, тілсіз жаудың да үдей түсер шағы. Осы күнге дейін 850 мың гектар далада өрт болған. Жылдан-жылға өрттің аумағы мен залалы артып келеді. Ішкі істер министрі алдағы уақытта да өрттің қаупі жоғары болатынын айтып отыр.

Қалмұхамбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:  

- Ауа 41 градусқа дейін көтеріледі деген болжам бар. Бұл әрине, өрттің артуына әсер етеді.

Аймақтардың техникалық жарақтану жағдайы былтыр 50 пайызға жетпейтін. Бөлінген қаражат нәтижесінде биыл 80 пайызға дейін жеткізді. Бірақ, барлық облыстағы жағдай бірдей емес. Тіпті, кейбір аймақтарда өрт сөндірушілердің арнайы киімдері де жоқ.

Арман Евниев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары: 

- Үстіміздегі жылдың өрт қаупі бар маусымына барынша нашар дайындық БҚО, Жамбыл, Ақтөбе облыстарында болды.

Көктемгі тасқын суға қарсы Үкімет резервтен 2 млрд. теңге ақша бөлген болатын. Ішкі істер министрі «оны әлі алған жоқпыз», - дейді. Енді өртке қарсы да қосымша қаражат бөлу туралы шешім бар.

Юрий Ильин, ҚР Ішкі істер вице-министрі:

- Егер материалдық техникалық жағдайды айтатын болсақ, бізге биыл қосымша 1 млрд. 900 млн. теңге бөлінгелі отыр. Бұл қаражат бізге жетпейді. Өйткені, бір өрт сөндіру көлігінің өзі 35-45 млн. теңге шамасында.

Үкімет басшысы бүгінгі мәселеге байланысты аймақ басшыларымен де сөйлесті. Ия, расында да кейбір облыстардың жағдайы мәз емес.

Даниял Ахметов, ШҚО әкімі:

- Қазіргі кезде біз ойланып жүрміз. Бюджетті нақтылау кезінде тағы қаржы бөлеміз.

Асқар Мырзахметов, Жамбыл облысының әкімі:

-Жаңағы айтылған техникалардың жеткіліксіз екенін білеміз. Сондықтан, әрбір ауылдан ұйымдастырдық.

Құмар Ақсақалов, СҚО әкімі:

- Проблемаларымыз бар. Техникамен қамтамасыз ету төмендеу болып тұр.

Ғабит Ұзақбай, тілші:

-Жүздеген аттың күшіне тең мынадай қымбат көліктер кез-келген әкімдіктің алдында саптай тізіліп тұрады. Оларды алуға ақша бар, қаражат жеткілікті. Үкімет басшысы осы жағдайды мысалға келтірді. Әуелі әкімдерге арнайы көліктерді сатып алуға кеңес берді. 

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрі:

- Алғашқы кезеңде қажетті құжаттарды, техникалық қамту мәселесіне көңіл бөлуді сұраймын. Қалғанын сосын көре жатарсыздар.

Биылғы тексеріс нәтижесі бойынша Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар және Маңғыстау облыстарында орман өртіне қарсы техникалары нашар жарақтанған. Тіпті, кейбірінің алыстан бақылайтын мұнаралары да жоқ екен. 

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу