Семейдің саяжай иелеріне көкөніс егуге тыйым салынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейдің саяжай иелеріне көкөніс егуге тыйым салынды

23.05.2018

Себебі, бақша жерінен аса қауіпті зиянкес анықталған. Сондықтан, мамандар топырақты арнайы зертханада зерттеп көрмек. Ал, талап орындалмаса, тұрғындарға айыппұл төлеуге тура келеді. Семей аумақтық инспекциясының өкілдері саяжай иелерімен кездесіп, тығырықтан шығудың жолын қарастырды.

Нағыз бау-бақша егетін уақытта тұрғындар тығырыққа тірелді. Семейдегі Бобровка саяжайы аумағында картоптың алтын түстес жұмыр құрты табылды. Зиянкестің залалы орасан. Өсімдік атаулыны көктей солдырады. Оған қарсы қолданылатын химиялық дәрінің бір келісі 8 мың теңге. Ал, жер телімін толық залалсыздандыру үшін әр саяжай иесі кемі 20 мың теңге жұмсауы тиіс. Тұрғындар болса, бұл әлдекімдердің ақша табу мақсатында әдейі істетіп отырған амалы деп күдіктенеді. 

Борис Степин, саяжай тұрғыны:

- 10 жыл бұрын тап осы зиянкесті дәріледім. Бірақ, көп ақша жұмсамадым. Ол кезде өнім азайып кетті. 10 түп солып, кеуіп қалды. Біраз өңдеген соң, зиянкес жойылды. Бірнеше жыл бойы әктас қосып, дәрі септім. Құрғақ түп болмады. 1 сотық жерден жоқ дегенде 500, кейде 700-800 келі өнім аламын.

Жақын күндері топырақтан сынама алынып, зертханаға жіберіледі. Оған дейін ескертуге құлақ аспағандарға заң аясында айыппұл салынады.

Ермек Сембаев, ҚР АШМ Семей аумақтық инспекциясының жетекшісі:

- Өсімдіктерге карантин туралы заң бар. Инспекторлардың нұсқаулары сақталмаған жағдайда, Әкімшілік Кодекске сай 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Қазірде бұдан басқа да іргелес жер телімдеріне қайтадан тексеру жүргізіледі. Көршілер жерлерін тексеру үшін өзара келісуде. Біздің мамандар әдістемелік орталықпен бірлесе, өтінім түсісімен келіп, қосымша топырақ үлгісін алып, карантиндік зертханада тексеретін боламыз.

«Жердің тозып кетуіне тұрғындардың өздері кінәлі», - дейді мамандар. Себебі, топырақты жиі өңдеп отырған ешкім жоқ. Мәселен, саяжай төлімдерінің 90 пайызы игерусіз жатыр.

Владимир Рульков, Бобровка саяжай алқабының төрағасы:

- Халыққа 2005 жылы уақытша тіркелуді ұсындық. Мұнда тұрғанмен, саяжайдың мақсаты - бағбандық. Ал, олар оны күтпейді. Олар азық-түлік пен көкөністерді төмен бағада алады. Ал, ол бағада тек Қытайдан әкелінеді. Мысалы, картоптың өзін алып, тазалайды. Оның қалдықтарын лақтырып тастайды. Осыдан нәтижесін көруге болады. Егер жер өңделсе, бұлай болмайтын еді.

Өзге де саяжай алқаптары назардан тыс қалмады. Бас-аяғы 2 мың жер телімі тексерілді. Алайда, әзірге қауіпті зиянкес тек Бобровкадан анықталып отыр.

 

Рысгүл МАДВАСОВА

Хабарламаларға жазылу