«Кибер қауіпсіздік басқа да қауіпсіздіктермен тең дәрежеде маңызға ие». «KADEX-2018» көрмесі аясында өткен «CYBER AND DIGITAL SECURITY» конференциясының ашылуында вице-премьер Асқар Жұмағалиев осылай деді. Қатысушылар «Жер шарының жұрты жаңа әлем табалдырығында тұр» деген пікір айтты. Ал, Қазақстан билігі бұл трендтен хабардар. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының басты мақсаты - сол жаңа сиқырлы әлемге отандастарымыздың мұздай қаруланып кіруін қамтамасыз ету. Елімізде ІТ мамандарын даярлауға ерекше мән беріліп отыр. Қазақстан ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамытуда әлемде 30-орында тұр. Соңғы үш жыл ішінде Egov.kz порталы арқылы 37 млн-нан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген.
Евгений Питолин, «Каспер зертханасы» компаниясының Орталық Азия және Моңғолия бойынша өңірлік директоры:
- Жеке тұлғаға кибер шабуыл жасалса, ол адам ақшасы не мәліметінен айырылады. Ал, мемлекетке жасалса, бұл экологиялық апат, адамдардың өміріне қауіп төнеді, аса маңызды мемлекеттік қызметтердің тоқтауына әкеп соғады. Сол себепті, кибер қауіпсіздікке ерекше мән беру керек. Балаларға мектеп қабырғасынан бастап, компьютерлік білім берген жөн.
Ғабит БӨКЕНБАЙ