Қызылордадағы шыны зауытының құрылысы биыл маусым айында басталады. Сондай-ақ, осы жылы аймақта мия тамырын өңдейтін фармацевтикалық зауыт, Шалқиядағы тау-кен комбинаты және қағаз-картон шығаратын өндіріс орны іске қосылады.
Жалпы, жылқы жылы Сыр өңірінде көптеген тың бастамалар жүзеге аспақшы. Бұл туралы өңірде өтіп жатқан «Байқоңыр» инвестициялық форумында жан-жақты айтылды.
Қызылорда - инвесторлар үшін ыңғайлы аймақтардың бірі. Өткен жылы облыс экономикасына 370 миллиард теңгеге жуық инвестиция құйылды. Ендігі міндет - өңір экономикасын өрге сүйрейтін тың бастамалардың орындалуына инвесторларды көптеп тарту.
Қырымбек Көшербаев, облыс әкімі:
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан инвестиция мен технологиялық трансферттер үшін Еуразиядағы ең тартымды орынға айналуы тиіс деп айтқан болатын. Осы мақсатты орындауға, аймақта оң инвестициялық климат қалыптастыруға біз, жергілікті билік мүдделіміз.
Шежірелі Сыр өңірінің туристік әлеуеті зор. Былтыр аймаққа келген саяхатшылар қатары 25 пайызға өскен. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш еселене түспек. Өйткені, түркі әлемінің абызы Қорқыт ата кесенесі мен жер кіндігі «Байқоңыр» кешеніне келушілердің қарасы мол.
Джовани Кардини, форумға қатысушы:
Мен Германиядағы туристік фирманың өкілімін. Біздің мекеме негізінен посткеңестік елдерге саяхаттағысы келетін азаматтарға қызмет көрсетеді. Шыны керек, біздің жерлестеріміздің Қазақстанға деген қызығушылығы жоғары. Осыған орай біз форумға келіп, инфрақұрылым, тынығу орындары жайлы, жалпы туристік потенциалы жайлы мағлұмат жинаудамыз.
Форумға жиналған инвесторлар мысырлық «EgyptSat-2» ғарыш аппаратымен «Союз-У» зымыранының ұшырылуына куә болды. Ал облыс әкімдігі мен бірқатар қаржы ұйымдары, шетелдік компаниялар арасында өзара әріптестік және ынтымақтастық туралы жиырмаға жуық меморандум жасалды.
Осының нәтижесінде аймақ үшін небір тиімді жобалар іске аспақшы. Облыстағы инвестициялық ахуалды жақсартуға арналған шара енді қазан айында өткізіледі.
Гүлжан ОМАРОВА