«Нұр Отан» партиясын қызметін жаңғыртады. Арнайы бағдарлама әзірлеп, мамандардың біліктілігін арттырды. Партия жанындағы Саяси менеджмент академиясының түлектеріне бүгін куәліктер табыс етілді. Тыңдаушыларға Сингапур Ұлттық университеті сияқты белгілі оқу орындарының мамандары, саясаткерлері, еліміздің беделді азаматтары сабақ берді.
Бақытжан Сансызбай Шымкенттен келді. Ол Астанада жиі болмайды. Осы келгенде ілім, білім жинады, бар уақытын сабаққа арнады. Ол міндет үдесінен шыға білу керектігін айтады.
Бақытжан Сансызбай, «Нұр Отан» партиясы Еңбекшi аудандық филиалының сектор меңгерушiсi:
- Талап өте қатал.
Меруерт Мұқанова Алматыдағы ауданда партия төрағасының бірінші орынбасары. Жас та болса, алып жүрген жүгі ауыр. Меруерт барлық жұмысын ысырып тастап, Саяси менеджмент академиясына дайындалыпты. Үміттен күдік басым болғанын жасырмады.
Меруерт Мұқанова, «Нұр Отан» партиясы Медеу аудандық филиалы төрағасының орынбасары:
- 1 айдай бұрын дайындала бастадым.
Гүлназ Салтанова алғаш еңбек жолын партиядан бастаған. «Сондықтан да, саяси жұмыстар жаныма жақын», дейді. Гүлназ лекциядан бос кезінде өлең жазды.
Гүлназ Салтанова, «Нұр Отан» партиясы Ақсу қалалық филиалының бас маманы:
- Мен Саяси менеджмент академиясына арнап, өлең жинағын шығарайын деп жатырмын.
Ережеге сай, көктемгі оқыту бағдарламасына 145 адам үміткер атанды. 1 орынға 3 адамнан келді. Айта кетсек, саяси көшбасшы бағыты бойынша 20 адам қабылданса, саяси-менеджмент саласында 30 адам білім алды.
Қоғамды жұмылдыруға бағытталған жан-жақты жаңғырумен қатар, партияны да модернизация күтіп тұр. Ол осы үш жаңғырумен тікелей байланысты болмақ. Діттеген міндеттерге қол жеткізуде нақ осы бірлестікке үміт зор. Партия қызметін жаңа бағдарламаларға икемдеп, жұмысты ширату керек.
Бүгін «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары бірінші түлектерге алғашқы куәліктерін табыс етті. Бұл жаңа бағдарлама мықты мамандарды даярлауға сеп болатынына сенім білдірді.
Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
- Елбасы, «Нұр Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияны жаңғырту жөнінде тапсырма берген еді. Біз сіздермен бірге ең заманауи, саяси, ақпараттық, коммуникациялық технологияларды күнделікті жұмыста қолдануға қабілетті болуымыз керек. Президент жаңа формация кадрларын қалыптастыру қажеттігін де айтты. Партияға заманауи, білімді, креативті кадрлар керек. Бұл бағдарлама осы мақсатта жұмыс істейді деп сенеміз. Өйткені, «Нұр Отан» партиясының алдында ауқымды міндеттер тұр.
«Біліктілікті арттыру 1-2 аймен шектелмеуі керек», - деді Партия төрағасының бірінші орынбасары. Әр «нұротандық» өзін күнделікті жетілдіруі қажет деп ойын түйіндеді. Партиялық білім берудің жаңа бағдарламасын жүзеге асыруда Назарбаев Университеті мен Мемлекеттік басқару академиясы көмектесті.
Бағдарлама өз тыңдаушыларын тағы қабылдайды, ал, бұл түлектер енді партиялық кадрлық резервте тұрады, кандидатуралары мемлекеттік органдарға лауазымды қызметтерге ұсынылмақ.
Индира БЕГАЙДАР