Австриялық академия Қазақ елімен жемқорлыққа қарсы ынтымақты  арттырмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Австриялық академия Қазақ елімен жемқорлыққа қарсы ынтымақты  арттырмақ

28.05.2018

Австриядағы халықаралық жемқорлыққа қарсы академия Қазақ елімен жемқорлыққа қарсы күресте ынтымақты арттыруға ниетті. Осы мақсатта Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев шетелдік әріптестерімен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Сапар барысында агенттік төрағасы БҰҰ-ның Венадағы өкілдігінде бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

Нұрсұлу қасым, тілші:

-Терроризм, экстремизм, есірткі мен қарудың заңсыз айналымы, адам саудасы, киберқылмыс пен сыбайлас жемқорлық. Бұл бүгінде жаһан жұртын алаңдатқан басты проблемалар. Соңғысы, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықпен Қазақстан қазір қалай күресіп жатыр? БҰҰ Венадағы кеңсесінде Алик Шпекбаев бастаған қазақстандық делегация шетелдік әріптестерімен осы мәселені қызу талқылады.

2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясы аясында Қазақстанда жаңадан 60 заң қабылданды. Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы 2,5 есеге көбейтілді. Үкімет қазір жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруға барын салып жатыр. Алик Шпекбаев  БҰҰ есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының атқарушы директоры Юрий Федотовпен кездесуде халықаралық конвенцияға сәйкес елде атқарылып жатқан шараларды баяндады. Соңғы реформаларға шетелдік ұйым өкілдері  жоғары баға беріп отыр.

Юрий Федотов, БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының атқарушы директоры:

- Қазақстан-БҰҰ жемқорлыққа қарсы конвенциясын орындап, жемқорлықпен күресте белсенділік танытып отырған көшбасшы елдердің қатарында. Қазақ елі кеселге қарсы заңнаманы осыдан 20 жыл бұрын қабылдады. Осы уақыт аралығында елдеріңізде біраз өзгеріс болды. Адамдардың менталитеті, мемлекеттік құрылымдардағы тәжірибелер өзгерді. Сондықтан, Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық конвенцияның талаптарын сәтті орындап отырған мемлекет деп мен толық айта аламын.

Фатима Жақыпова, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының ректоры:

2017 жылы «Transparency international» рейтингінде біз 9 орынға жоғарыладық. Ол енді ашықтық, транспаренттік, сонымен қатар, агенттіктің өзінің арнайы жұмысын жүргізуіне байланысты.

Әлеуметтік кеселдің тамырына балта шабу үшін Австрия үкіметі де Қазақстанмен ынтымақты бекемдеуге ниетті. Мұны елдің Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлықты тергеу жөніндегі бас прокурорының орынбасары Беатрикс Винклер қазақ делегациясымен кездесуде мәлімдеді. Тараптар әсіресе, мемлекет қаржысын қымқырып, шетелге қашып кеткен экономикалық қылмыскерлерді экстрадициялау бойынша күш біріктірмек.

Қайрат Сарыбай, ҚР Австриядағы төтенше және өкілетті елшісі:

- Халықаралық құқықта мынадай қағида бар, егер өзің сұрап жатқан елге қайтармаса, онда сұрап жатқан елдің талабына сай бұл кісінің осы елде жүруіне мүмкіндігі бар ма, жоқ па, болған елінде қылмыс атқарды ма, жоқ па, соны тексеуге міндетті. Егер сен экстрадицияламасаң, өзің соттап қара деген қағида. Егер орындалса, соған біз құба-құп дайынбыз.

Экономикалық қылмыстармен, сыбайлас жемқорлықпен қалай күресуге болатынын қазақстандық мамандар халықаралық жемқорлыққа қарсы академияда терең игеретін болады. БҰҰ қолдауымен 2010 жылы құрылған академия жемқорлыққа қарсы күрес жүргізетін кәсіби мамандар дайындап,  ғылыми зерттеулер жүргізумен айналысады. Академия ректоры Мартин Кройтнер мен еліміздің Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев өзара түсіністік туралы меморандумқа қол қойды. Осы келісім аясында халықаралық академия сарапшылары, профессорлары Астанада дәріс оқып, білгенімен бөліседі. Біздің студенттер Австрияда тәжірибе алмасады. Қос тарап бірігіп, қыркүйекте Венада сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы басқосу ұйымдастыруды көздеп отыр.

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу