Өзін жаңа қырынан танытқысы келетіндерге таптырмас мүмкіндік. Маусымның төртінен бастап «Сенің жаңа қырың» атты бұқаралық спорт бастамасы іске қосылады. Физикалық белсенділікті насихаттауды мақсат еткен шара онлайн жүйесі бойынша өтеді.
Жоба шарты бойынша, қатысушы әуелі әлеуметтік желілердегі парақшаға 21 күн бойы салауатты өмір салтын ұстанатынын жариялайды. Сосын сол күннен бастап күнде 30 минут жаттығу жасап, «Сенің жаңа қырың» хэштегімен жүктейді. Достар мен таныстарды да белсенді болуға шақыруды ұмытпау керек. Осылайша, жоба авторлары жастардың спортқа деген құлшынысын арттырамыз деп отыр. Қатысушылардың жасына шектеу қойылмайды. Белсенділердің арасында белгілі спортшылар да бар.
Ермахан Ибраимов, Олимпиада чемпионы:
- Қазір балалардың бәрі компьютердің алдында отырады немесе телефон шұқылайды. Физикалық белсенділік өте төмен. Сондықтан, біздің мақсатымыз - осы жоба бойынша жасөспірімдерді салауатты өмір салтына шақыру.
Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ