Алматыда балабақша жетіспейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда балабақша жетіспейді

30.05.2018

Алматыда балабақша мәселесі 27 жылдан бері шешімін таппай келеді. 24 мың баланың тек 9 мыңына мемлекеттік бөбекжайдан орын тиеді. Ал, кейбір жекеменшік мектепке дейінгі тәрбие беру орындарының сапасы сын көтермейді. Жергілікті билік түйткілді түбегейлі шешу үшін ширек ғасырдан астам уақытта түрлі бағдарламаларды қабылдап көрген. Алайда, олардың ешбірінде оңтайлы нәтиже жоқ. Биыл қаңтардан бастап кезекті «Open Almaty» жобасы іске қосылған еді. Дегенмен, автоматтандырылған жаңа жүйеге тұрғындардың көңілі толмайды.

Бұрын тұрғындар баласын мектепке дейінгі тәрбие беру мекемесіне орналастыру үшін өзі тұрған аудандағы балабақшаға алдын ала тіркеліп кезек күтетін. Ал, биылдан бастап бұл жүйе толық өзгерген. Енді баланы кезекке тіркеуге балабақша мүлде араласпайды.    

Айым Мұхтарқызы, №69 балабақшаның меңгерушісі:

- Қазіргі таңда балаларды балабақшаға кезекке қою ата-аналардың міндеті, біздің ешқандай қатысымыз жоқ. Оны «Open Almaty» арқылы өздері кіріп, ата-аналар РЦП кілті арқылы енгізіп өздері жолдаманы сол жерден шығарып алады. Сол жолдаманы бізге әкеліп балабақшаға әкеліп тіркетеді. Сол арқылы біз қабылдаймыз.  

Гүлмаржан Бекмұратқызы тұңғышын балабақшаға беру үшін 2015 жылы Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы электронды түрде кезекке тұрған. Алайда, оның таңдаған №69 балабақшасын биыл іске қосылған «Open Almaty» жобасы ауыстырып жіберген. Сондықтан, ол үш жыл күтіп сарылғанымен, одан нәтиже шықпағандығына наразы.

Гүлмаржан Құрманова, қала тұрғыны:

-  №69 балабақшаны таңдадым. Бірақ кейін қарасам, №170 балабақша деп шығып тұр. Шынымды айтсам, түсінбедім. Себебі,  №69 балабақшаны таңдағаным есімде. «Open Almaty»-дағылар «бұл сіздің қателігіңіз», дейді.

Жанна Асанова, «Open Almaty» қоғамдық қабылдау бөлмесінің жетекшісі:

- Бізде мұнда у-шу болып жатты. Себебі, азаматтар оны ұқпайды. Көбінесе ЭЦП-ні қолдану білімдері жоқ. Біздің қазіргі мақсатымыз әрбір келген ата-ананы ЭЦП-ны қолдануға үйрету.

Мираш Доскеева, Бостандық ауданы білім бөлімінің бас маманы:

- Орын жетпеушілік мәселесі Алматы қаласында әрқашанда болған. Биыл 2018-2019 жылы 9000-дай бала «Open Almaty» сайты арқылы балабақшаға қабылданады. 3 пен 6 жас аралығындағы 24 мың бала кезекте тұр. Жер де жоқ балабақша салатын, орын да жоқ.

Аумағы 70 мың гектар болатын мегаполисте мектепке дейінге тәрбие беру мекемесін салатын жер жоқ. Сондықтан, «Қалада балабақша тапшы», - дейді мамандар.

Марал Әбдірасылова, қала тұрғыны:

- Балабақшаға тапсырысты балам туыла салғанда бергенбіз. 2013 жылы жүйе ауысып, қаңтардан бастап жалпы кезек болады деп хабарлама берді.

Соңғы бес жылдағы статистикаға сүйенсек, 2014 жылы 8900, 2015 жылы 8870, 2016 жылы 9230, 2017 жылы 9560 бүлдіршін балабақшаға қабылданған. Ал, биыл 9790 бала алынады деген жоспар бар. Мегаполисте 713 мектепке дейінгі тәрбие беру орны жұмыс істейді. Солардың 180-і мемлекеттік, 217-сі коттеджден ашылған жекеменшік шағын орталық, 316-сы жеке меншік бөбекжай. Ал, 308-і мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы бойынша қызмет көрсетеді. Десек те, балабақшаға баратын балалардың саны жыл сайын еселеп көбейіп келеді. Ал, оларды толық қамту мүмкін болмай отыр. Әлбетте, бұған ата-аналар алаңдаулы.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу