Қазір соның 79 мың гектары суға бастырылды. Ауа райының қолайсыздығына байланысты егін кеш басталса да, тиісті шаруалар межелеген уақытта аяқталды. Былтыр ел қамбасына жарты миллион тонна дақыл құйған еңбеккерлер биыл да мол өнім жинауға ниетті.
Күріш дақылы 90 күн суда өсетін болғандықтан, жердің тегіс болуы өте маңызды. Сондықтан, диқандар бұл жерлерді лазерлік сәулемен тегістеді. Бұл бір жағынан су үнемдеуге септігін тигізсе, екіншіден, тұқым біркелкі себіліп, мол өнім алуға мүмкіндік береді.
Былтыр облыс бойынша 91 мың гектар жерге дән себілсе, биыл егістік көлемі 10 мың гектарға азайды. Себебі, Көксарай мен Шардара қоймасындағы су өткен жылға қарағанда 1 миллиард текше метрге аз. Егістік көлемі соған сәйкес белгіленді. Қармақшы ауданы биыл 14 мың гектар жерге Сыр салысын екті. Алғашқы болып «Дүр Оңғар» шаруашылығы дақылды суға бастырды.
Орынбасар Төлепов, шаруашылық директоры:
- Өзіміздің межелеген уақыттан 3-4 күн бұрын бітіріп тұрмыз. Былтырғыға қарағанда су өте жақсы келді. Судан Қармақшы ауданы ең қиын аудан еді, жақсы қамтамасыз етілді биыл.
Облыста күріш егісінің көлемі азайғанымен, ауыл шаруашылығын әртараптандыру мақсатында мал азығы, майлы дақыл мен бақша дақылдарын өсіруге мән берілуде. 10 мың гектардан астам жерге мақсары егілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 мың гектарға артық. Биыл майлы дақылды экспорттау жоспарда бар.
Бақыт Жақанов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Мақсарыны 20 миллиардқа жеткізуге толық мүмкіндігіміз бар. Жыл сайын 19-20 мыңға дейін мақсары, жоңышқа егілетін болса, бүркемелеу арқылы күрішті 80 мыңнан түсірмей, мақсары егіп, экспорт көлемін 30 пайызға арттыруға толық мүмкіндік бар.
Ырзық-несібесін жерден терген диқандар ала жаздай атыз жағалайды, еккен дәнін күн-түн демей күтіп-баптайды. Төрт жыл қатарынан рекордтық өнім жинаған еңбеккерлер биыл да қамбаны дәнге толтыратынына сенімді.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ