Бүгін Қарағандыдағы Спасск мемориалды кешенінде саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған екі бірдей ескерткіш ашылды. Зұлмат жылдардың құрбандарын еске алу күніне орай өткен митингке арнайы келген ирандықтар мен чехтар КАРЛАГ-та тұтқында болған ата-бабаларын еске алды. Тарихқа тағзым еткен қазақ жұртына алғыстарын жеткізді.
Спасск мемориалды кешені Қарағанды еңбекпен түзеу лагерінде тұтқында болған барлық саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған. Жыл сайын мұнда шетелдіктер көптеп келеді. Ең алғаш болып жапондықтар ескерткіш тасын қойған болатын.
1987 жылдан бері мұнда 30-дан астам елдің ескерткіші қойылды. Биыл Чех және Иран мемлекеттерінің саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған белгі тастары ашылды. Қызыл империяның тұсында бұл елдерден жазықсыз жандар жер аударылып, біразы КАРЛАГ түрмесінде қамауда болған. Бір ғана Чехиядан 25 мың адам саяси қуғынға ұшырады, соның 600-ден астамы Қарағанды еңбекпен түзеу лагерінде азап шеккен.
Элишка Жигова, Чехия Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі:
- Бұл ескерткіш екі елдің бірлесіп жасаған еңбегі. Мұнда жөке ағашының қара тасты жарып шыққан бейнесі суреттелген. Себебі, бұл ағашты Чехия жұрты қатты қастерлейді. Біз әлемде әрқашан бейбітшілік болып, халықтың жүрегіне мәңгілік мейірімділік орнасын деген ойымызды осы ескеркіш арқылы жеткізгіміз келді.
Қарағанды еңбекпен түзеу лагерінде 1 млн-нан астам тұтқын қамауда болған. Ер азамат қана емес, әйелдер мен балалар да аяусыз азапталды. Қамаудағылар аштық пен суықтан, аурудан жаппай қырылды. Біразы «халық жауы» деген желеумен өлім жазасына кесілді.
Ерлан Қошанов, Қарағанды облысының әкімі:
- Арада қанша уақыт өтсе де, біз тоталитарлық жүйенің құрбандарын ұмытпауға тиіспіз. Біз, бүгінгі ұрпақ, еліміздің жарқын болашағы жолында қаза болған жазықсыз құрбандардың алдында ғұмыр бойы бас иіп өтуге міндеттіміз. Олардың ерлігін есте ұстау, келешек ұрпақтың санасына сіңіру перзенттік парызымыз, азаматтық борышымыз деп білемін.
Саяси қуғын-сүргін құбандарын еске алу күніне орай өткен митингіге өзге де елдердің дипломатиялық миссия өкілдері қатысты. Олар тоталитарлық жүйенің құрбаны болған отандастарын бір минут үнсіздікпен еске алып, гүл шоқтарын қойды. Сонау қасіретті жылдары өгейсітпей қамқор болған бауырмал қазақ еліне алғыстарын білдірді.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ