«Алматы-Үшарал» бағытында әуе жолы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Алматы-Үшарал» бағытында әуе жолы ашылды

01.06.2018

Алматыдан Алакөлге енді ұшақпен жетуге болады. Кешеден бастап «Алматы-Үшарал» бағытында әуе жолы ашылды. Елбасының осы көктемде Жетісу жеріне жасаған сапарының нәтижесінде ашылған бұл әуе кемесі туристер үшін қолайлы болмақ. Өйткені, еліміздегі ең танымал туристік орындардың бірі Алакөл осы Үшаралға тиіп тұр. Туризмді дамыту мақсатында ашылған әуе кемесінің алғашқы жолаушылардың қатарында біздің де тілшілеріміз болды.

Амангелді Сейітхан, тілші:

- Үшаралға қатынайтын «СРЖ-200 ұшағы» осы. 50 адамдық ұшақ туристік маусым кезінде аптасына сенбі, жексенбі күндерінен басқа 5 күн бойы үзіліссіз қатынайтын болады.

Бұл әуе бағытын ашудағы басты мақсат - туристерді тарту. Сондықтан, билет құны да ел ішіндегі басқа бағытттардан барынша арзандатылған. Атап айтсақ, бару-келу құны - 20 мың теңге.

Әсел Нүркебаева, Қазақстанның туристік агенттіктер қауымдастығының президенті:

-Бұл әуе рейсі мемлекеттің қолдауымен жүзеге асырылып отыр. Ол үшін 311,8 млн. теңге бөлінді. Сондықтан, билеттің құны туристердің саны қанша артса да, өзгермейді.

Үшаралдықтар алғашқы ұшақты айрықша сән-салтанатпен қарсы алды. Себебі, бұл әуе жолының ауданның дамуы үшін де маңызы зор.

Амангелді Сейітхан, тілші:

-Міне, «Алматы-Үшарал» бағытындағы алғашқы ұшақ Үшаралға келіп қонды. Шамамен 600 шақырымдай қашықтықты бар-жоғы 45 минутта еңсердік. Ал, көлікпен жүретін болсақ, кем дегенде, 5-6 сағат уақыт кететін еді.

Әуе кемесінен түскен азаматтардың бірден демалыс аймағына жетуі үшін арнайы автобустар жүреді. Өйткені, жыл санап Алакөлге ағылатын отандастарымыздың саны артып келеді.

Әлібек Жаханбаев, Алакөл ауданының әкімі:

-Былтырғы жылы 753 мың адамды қабылдадық. Биылғы жылы 1 млн. туристі қабылдауға толық мүмкіндігіміз бар. Оған былтырғы жылы 181 демалыс орны жұмыс істесе, биылғы жылы 220 демалыс орны туристерді қабылдауға дайын.

Жалпы, Алакөлдегі туристік маусым осы айдың 15-нен басталып, қыркүйектің алғашқы күндеріне дейін жалғасады. Ал, мамандар қазір әуе кемесін толық жүйелеп, алдағы уақытта қонақтарға ыңғайлы болуы үшін турпакеттерді ұсынбақшы.

Амангелді СЕЙІТХАН

Хабарламаларға жазылу